Жаңалықтар

Алматы әкімдігінің үш қызметкері сотталды

Алматы әкімдігінің үш қызметкері сотталды

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында Алматы қаласы спорт басқармасының қызметкерлеріне қатысты жымқыру және аса ірі мөлшерде ақша қаражатын иемдену арқылы бөгдеге тиесілі мүлікті ұрлады деген факті бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Taulik.kz Halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, 2020 жылғы қараша - 2021 жылғы желтоқсан аралығында Спорт басқармасы қалада кешенді спорттық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген. Спорт басқармасының басшысы қаржы-экономикалық және жоғары жетістіктер спорты бөлімдерінің басшыларымен алдын ала сөз байласып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қызметтерді жоғары бағамен сатып алған, сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеген.

Сондай-ақ «К» ЖШС-ның директоры бірқатар іс-шараларды өткізуге басқарма тарапынан рұқсат алып, марапаттау өнімдерін, спорттық жабдықтарды сатып алу шығындарын асыра бағалау және бірқатар іс-шараны орындамау арқылы спорттық жарыстарды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлаған.

Үш мемлекеттік қызметкер мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Президентке спорт басқармасы басшысының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізілді. Ал ЖШС директорына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн теңге көлемінде материалдық залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.