Жаңалықтар

Қызылордада шала туған сәбиді өртеп жібергені рас па?

Қызылордада шала туған сәбиді өртеп жібергені рас па?

Осы уақытқа дейін Қызылорда облыстық ауруханасында өлі туған шақалақты өртеп жіберді деген ақпарат тараған болатын. Оқиғаға қатысты науқастың өзі жауап берді, деп хабарлайды taulik.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай 17 мамыр күні 45 жастағы аяғы ауыр қала тұрғыны ауыр жағдайда Қызылорда облыстық ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Әйгерім Рахымжанова есімді желі қолданушысы өзінің парақшасында құзырлы орындардың араласуын сұрап, көмек сұраған.
"Алдын ала дәрігердің босануға болмайды деген шектеулері бар көрінеді. Дегенмен ішіндегі 4 айлық баланы ота жасау арқылы алып тастайды. Ота жасаған дәрігер Маханова Галия Турганбаевна, мейіргері Жаукеева Айгерим Максутовна. Іштен өлі шыққан 4 айлық баланың денесін стол үстінде тұрғанда тазалықшы Тулеуова Шынар қоқыс екен деп байқамай қоқыс шелегіне салып шығарып тастайды. Сыртта тұрған қоқыс жәшігін әлдекім келіп өртеп кетеді. Ал енді өртеген адам табылмауда. Қылмыстарын жасырмақ болған дәрігерлер науқасты аяқастынан кардиология бөліміне ауыстырып жіберген", – деп жазды желі қолданушысы.
Аталған ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы болған жағдайды растамады. Ал көпбейінді облыстық ауруханасы науқастың ауруханаға түскенін, өмірлік көрсеткіштерге байланысты оперативті ем жасалғанын хабарлады. Болған жағдайға қатысты науқастың өзі түсініктеме берді.
"Менің ауруханадағы жағдайыма байланысты әлеуметтік желілерге шыққан посттарға жауап бергім келеді. Мамыр айының 16-сы күні ауруханаға түскенім рас. Жүктіліктің 20-аптасында денсаулығым сыр беріп, ауруханаға ауыр халде келдім. Ана мен баланың өмірі таразыда тұрғанда білікті дәрігерлер, оның ішінде ота жасаушы дәрігер Галия Турғанбайқызы менің келісіміммен өмірімді таңдап, ота жасап, жүктілігімді үзді. Өмірімді сақтап, денсаулығымды қалпына келтіру үшін жасап жатқан қызметіне мың алғыс айтамын. Барлығы заң аясында дұрыс жасалды, ешкімге қояр кінәм жоқ. Қазір денсаулығым қалыпты, емдеуші дәрігеріме, бөлімшедегі медбикелеріме алғыстан басқа айтарым жоқ", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол баланы өртеп жіберді деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.