Жаңалықтар

Қазақстандық сарбаз қызға командирі қысым көрсеткен

Қазақстандық сарбаз қызға командирі қысым көрсеткен

Әскерде борышын өтеп жүрген қыз командирлер тарапынан қысым көргенін айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы облысы Шеңгелді елді мекеніндегі 54179 әскери бөлімінде борышын өтеген қыз «НеМолчиKz» қоғамдық қорына жүгінен. Ол 2019 жылдың желтоқсанында үш жыл мерзімге қызметке шақырылғанын, бірақ мерзімінен бұрын босатылғанын айтты. Әскери қызметші батальон командирлері келісімшарт бойынша қызмет етуге кедергі келтіргенін айтты.

Қыздың айтуынша, әскери бөлімде қызмет ете бастаған сәттен-ақ батальон командирі қыр соңына түсіп, қысым көрсеткен.

«Оған бағынышты офицерлер ештеңені байқамағандай түр танытып, ал әскери бөлім қолбасшылығы ешқандай шара қолданбады», - дейді қыз.

Оның айтуынша, ол әскери бөлім басшылығына бірнеше рет жүгінген. Бірақ: «Әдемі қызсың, жеке өміріңе араласпаймыз, мен сенің ағаң емеспін, командирді таңдамайды, сені ешкім әскерге қолыңнан сүйреп әкелген жоқ», - деген жауап алған.

Қыз псориаз және гастритпен әскери госпитальға түскенін айтты. Оның айтуынша, батальон командирі басқа бөлімшеге ауыстырылған, ал батальон командирінің орнына оның жақын досы келген. Ол осыдан кейін жәбірлеу, қорлау, қысым көбейе түскенін айтты.

Қыз әскерден кеткен. Ол мүгедек анасы мен інілерінің жалғыз асыраушысы, әкесі жоқ екені айтылды. Ол өзін қорлағандарға шара қолдануды сұраған.

Қорғаныс министрлігі өкілдері шұғыл комиссия құрылғанын, ол әскери бөлімге барып, оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеуге кіріскенін мәлімдеді.

«Қатардағы Елшібаеваның әлеуметтік желіде жариялаған деректері расталса, кінәлілер жұмыстан босатылып, қылмыстық іс қозғалғанға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынды», - деді ведомство өкілдері.