БЖЗҚ-дан ай сайын қосымша төлемдер берілетіні рас па?
БЖЗҚ-дан ай сайын қосымша төлемдер берілетіні рас па?
Жаңалықтар тарататын шетелдік агрегатор сайттарының бірі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) сілтеме жасай отырып, биыл алдағы айдың 1-нен бастап Қазақстанда халықтың белгілі бір (жеңілдікке ие) санатына қосымша ай сайынғы ақшалай төлемдер енгізілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Зейнет жасына толған адамдарға БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес белгіленген кесте бойынша ай сайын жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мерзімсіз уақытқа бірінші және/немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толғанға дейін БЖЗҚ-дан кесте бойынша төлемдер алу мүмкіндігі көзделген»,- делінген хабарламада.Аталған әдістеме БЖЗҚ-дан өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы мөлшерін жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайтуды көздейді, деп толықтырды зейнетақы қоры. Қордағы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ сайтындағы (www.enpf.kz) Жеке кабинетте немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасында, сондай-ақ электрондық үкімет (www.egov.kz) сайтынан бақылауға болады. Қор өкілдері қазақстандықтарды тек ресми дереккөздерден алынған, сенімді ақпаратқа ғана сену керектігін ескертеді.