Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымдарының басшылары Кельнде басқосты
Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымдарының басшылары Кельнде басқосты
28 мамыр күні Германияның Кельн қаласында басталған Еуропа қазақтарының құрылтайы аясында Еуропа елдеріндегі қазақ диаспорасының жетекшілерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Taulik.kz.
Бұл келелі кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов және Австрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Нидерланды, Венгрия, Польша, Түркия, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, Қазақстанда қарқынмен жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы егжей-тегжей айтып берді.
«Алдымен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сіздерге деген зор ықыласы мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Біздің ең үлкен байлығымыз – бірлік пен ынтымақ. Шетелде бір мемлекетте бірнеше қор мен қауымдастық барына біз қуанамыз. Ешкім ешкімге бәсекелес, не бақталас емес. Қайта ондай қауымдастықтардың көбейгені, олардың әр салада жұмыс атқарғаны көңілімізді қуантады. Сіздердің атқарған жұмыстарыңыз біздер үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Әр мемлекеттің саяси елшісі болады. Сондай-ақ халық елшісі деген ұғым тағы бар. Сіздер – халықтың елшісіздер. Елімізде жаңа бетбұрыс жасалып, оң өзгерістер орын алып отыр. Әлемде болып жатқан өзгерістерді көріп отырсыздар. Дегенмен Қазақстан көпбағдарлы ұстанымнан айнымай, барлық мемлекетпен тең араласа отырып, сіздердің – шетелдегі қазақтардың өмірінің жақсаруына қалайша ықпал ете аламыз деген талапты алдына қойып отыр. Президенттің сіздерге деген ықыласы ерекше. Мемлекет басшысы Германия елінде басталған бүгінгі Құрылтайға сәттілік тілеп, арнайы құттықтауын жолдады. Шетелде жүрсеңіздер де, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп, жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз. Әркез қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерге табыс тілейміз!», – деді Мәлік Отарбаев өз сөзінде.Отандастар қоры жетекшісі Абзал Сапарбекұлы:
«Еуропа қазақтары арасында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бастау алған кіші Құрылтайлар өткізу шарасы бүгінде дәстүрге айналды. Өткізу мерзімі де жиілеп, жыл өткен сайын мазмұны мен форматы жетіліп, толығып келеді. Бұл – осындай тұрақты басқосудың еуропалық қандастарымызға берері мол, маңызды жиын екендігінің айқын көрінісі. Сонымен бірге осы Құрылтайға ұйытқы болған еуропалық аға буынның, оны қолдап жүрген өздеріңіздің ынтымақтарыңыз бен ұйымшылдықтарыңыздың арқасы. Бұрын Еуропа елдерінде қазақтардың 15-тей мәдени ұйымы болса, бүгінгі таңда олардың саны 30-ға жуықтады. «Отандастар қоры» бұл ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан», – деді Абзал Сапарбекұлы.Сонымен қатар Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов қандастармен кәсіпкерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізіп, Еуропа қазақтарын Қарағандыда білімін жетілдіруге шақырды.
Кёльндегі Қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер өз сөзінде: «Алдымен адамда сезім болуға тиіс. Сезім болмаса, қанша жерден қазақша сайрап тұрса да, одан түк өнбейді. Жастар қазақ екенін сезіне білуі керек. Мен өз балаларыма «Біз – орында қазақпыз. Бізде бәрі жақсы. Біз – үлкен мемлекетпіз. Санымыз аз болуы мүмкін, бірақ жүрегіміз кең» деп айтып отырамын. Балаларым қазақша сөйлей алмаса да түсінеді. Мереке, спорттық жарыстар кезінде Қазақстанның көк байрағын іліп қойып, әнұранды тік тұрып айтады. Сондықтан алдымен сезім болу керек», – деді ол.Кездесу соңында ұйым өкілдері өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, өзекті мәселелер көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.