Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы чехиялық Линда Носковамен шеберлік таластырды.
Бұл олардың кортта алғашқы жолығысуы еді.
Е.Рыбакина матчты брейкпен бастап, 3:1 есебімен алға кетті. Содан кейін тартысты геймде сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.
Екінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 26 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 5 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс жасағанымен, брейкке қол жеткізе алған жоқ.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 38-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе дүниежүзілік рейтингте 132-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормоның қай жеңгенімен таласады.