«Интернетте жасырын жарнама жасап, пайда табады»: депутат салық төлемейтіндер жайлы
«Интернетте жасырын жарнама жасап, пайда табады»: депутат салық төлемейтіндер жайлы
Мәжілісте «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобалары талқыланып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
«Интернеттің дамуына байланысты қоғамдық қатынастар кеңейіп, қарыштап қадам басты. Әлеуметтік желілердің адам өміріне терең бойлағаны соншалық, олар бұқаралық ақпарат құралдарын ығыстырып, қоғамдық пікір қалыптастыруда негізгі рөл атқарып жатыр. Қай жағынан қарасақ та, бұл жақсы құбылыс. Алайда интернет ортаның қаншама оңтайлы тұсы болғанымен, руханият, тіл, балаларды қорғау, экономика және тағы да басқа маңызды бағыттарға кесапаты жоқ деп айта алмаймыз», - деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.
Депутат атағандай, 2022 жылы жалған ақпарат таратумен байланысты 5 545 факті анықталған.
«Оның ішінде 278-і деструктивті сипатта. 5267 факті – алаяқтық белгілеріне (фишинг), 2846-і қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысты болды. Еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, адамның ар-ожданы мен абыройын «тырналайтын» құбылыстың белең алып бара жатқаны шындық. Онымен қоса, Қазақстанда қызмет ететін онлайн-платформалар мемлекеттік тіл бойынша қойылатын талаптарды толық орындамай жатыр десе де болады. Көптеген ресурстың интерфейсі мен контенті мемлекеттік тілге автоматты түрде аударылмайды. Бұл мәселенің экономикалық аспектілерін де ұмытпаған жөн», - деді ол.
Баққожаев мемлекет қазынасының толуы халық мүддесіндегі мәселе екенін айтты.
«Бірақ Қазақстанның интернет аудиториясын кеңінен пайдаланып, тікелей түрде де жасырын түрде де жарнама жасап, пайда тауып жүргендердің арасында салық төлемей жүрген азаматтар аз емес. Сондайлардың дегеніне еріп, шатасып, алдау мен арбаудың залалына шалдыққан интернет тұтынушылардың құқық қорғау мәселесін де ұмытпағанымыз жөн. Осыған байланысты заң жобасын әзірлеу бастамасы қолға алынды. Оны Мәжілістегі барлық 6 партиялық фракция қолдады. Осыған байланысты 6 депутат бірігіп, заң жобасын әзірледік», - деді ол.