Бірнеше пойыз соқтығысып, 300-ге жуық адам қаза тапты
Бірнеше пойыз соқтығысып, 300-ге жуық адам қаза тапты
Үндістанның шығысындағы Одиша штатында бірнеше пойыздың соқтығысуы салдарынан кем дегенде 288 адам қаза тауып, 900-дей адам жарақат алды, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Шалимар-Коромандель бағытындағы жедел пойыз 2 маусымда рельстен шығып кетіп, артынан экспресс жүретін бірнеше вагон басқа жолға шығып кеткен. Ол басқа вагондарға соқтығысқан. Үндістандық шенеуніктердің айтуынша, содан кейін тағы бір соқтығыс болған, бұл жолы жол бойында тұрған жүк пойызы апатқа ұшыраған.
Жергілікті билік өкілдері бұл апат құрбандарының соңғы саны емес екенін мәлімдеді. Бұл - Үндістандағы 1980 жылдардан бергі ең ірі теміржол апаты. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтып, апат орнында құтқару жұмыстары жүріп жатқанын, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету үшін қолдан келгеннің барлығы жасалып жатқанын айтты. Үндістандағы ең ауыр теміржол апаты 1981 жылы Бихар штатындағы жолаушылар пойызы өзенге аударылып кетіп, кем дегенде 800 адамның өмірін қиған кезде орын алған.