Жаңалықтар

Павлодарда «Қазпошта» филиалы директорының орынбасары сотталды

Павлодарда «Қазпошта» филиалы директорының орынбасары сотталды

Павлодарда қомақты пара алу фактісі бойынша «Қазпошта» облыстық филиалы директорының орынбасары сотталды, деп хабарлайды Taulik.kz. Таратылған хабарламада 2023 жылғы 5 шілдеде Павлодар қаласының № 2 соты «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасарына қатысты оның ақшалай қомақты  пара алу фактісі  (ҚК 366-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық істі қарағаны айтылған. Сот анықтағандай, 2023 жылдың қаңтарында «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары заңсыз баю мақсатында автомобиль көлігі басқармасы аумағында тұрған автокөлік қорабын  жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдағаны үшін ақшалай сыйақы аударуды сұраған. Артынша күдікті 2 миллион теңге пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Қорғаушы жеңілдететін мән-жайларды ескеруді сұрады.
«Жауапты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар жоқтығын, жас балалары бар екенін, 3-ші топтағы мүгедектігін, алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын ескере отырып, сот орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады» деп мәлімдеді Павлодар сотының баспасөз қызметі.
Павлодар сотының баспасөз қызметі хабарлауынша, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және т.б. лауазымдарды атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.