Әкесінің қолынан қаза тапқан 4 жасар бала өлімі: Ақтөбеде сот отырысы басталды
Әкесінің қолынан қаза тапқан 4 жасар бала өлімі: Ақтөбеде сот отырысы басталды
Былтыр қыста Ақтөбеде әкесінің қолынан қаза болған 4 жасар Данил Ахуновтың өлімі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды Taulik.kz.
«Диапазон» басылымының жазуынша, сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істің жантүршігерлік жай-жапсарын мәлім етті.
Жақында сотқа жіберілген қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы бүгін өтті. Баланы өлтірді деп айыпталушы – оның туған әкесі. Тергеушілердің мәліметінше, 40 жастағы ер адам үшемді күштеп тәрбиелеу мақсатында жиі ұрып-соғып келген. Ол балалардың анасы ата-ана құқығынан айырылған соң өз қарауына алған. Оның балаларын ұрып-соғатыны «Үміт» балалар үйіне әкелген кезде анықталған. Балалар үйінің қызметкерлері балалардың дене жарақатын көрген соң полиция шақыртып, оның үстінен әкімшілік іс қозғалған.
«Ал кейінірек жалдамалы пәтерде әкесі 4 жасар Данилге тап беріп, аяусыз соққыға жыққан. Бала қыңқылдап, ауырып әрі сол күні әжесінің үйінде болған бауырларымен ойнағысы келген. Баласының жылағанына шыдамаған әке оның басынан және бетінен доғал затпен ұрып, ішіне қатты соққы берген. Соққы салдарынан бала сол пәтерде қайтыс болған. Баланың әкесі артынша 20 000 теңгеге жүк тиеуші-экскаватор жалдап, шұңқыр қазып беруін өтінген және жүргізушіге ата-анасының үй салып жатқанын, сондықтан керексіз қоқысты сол шұңқырға көму керек екенін айтқан. Кейіннен сол шұңқырға баласының денесін к көміп тастаған. Ал бірнеше күннен кейін полицияға ұлының жоғалып кеткенін хабарлаған», - деп жазады басылым.Алдын ала тергеуде адвокат соттан күдіктінің тергеу барысында берген айғақтарынан бас тартып, тергеу органдарының қысым көрсеткенін мәлімдеуіне байланысты қосымша тергеу шараларын жүргізу үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады. Адвокат сонымен қатар жаңа айыптың адам өлтіру ниетін зерттемегенін, күдіктінің қосымша сараптама жүргізу туралы өтініштері қанағаттандырылмағанын айтты. Судья қорғаушының өтінішін қанағаттандырмай, негізгі сот отырысының күнін белгіледі.