Екі өңірде ҰБТ тапсырушыларға жоғары ұпай алуға көмектескендер ұсталды
Екі өңірде ҰБТ тапсырушыларға жоғары ұпай алуға көмектескендер ұсталды
Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) және педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) жүргізуге жауапты ұйымның жеке қызметкерлері тестілеу процесіне заңсыз араласқан, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, серверлік жабдыққа және басқа да ақпараттық ресурстарға қолжетімдіктерін пайдаланып, күдіктілер арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы талапкерлер мен педагогтардың қызығушылық танытқан компьютерлеріне қашықтан қосылып, ақшалай сыйақы үшін оларға тесттен жоғары нәтижелер алуға жәрдем көрсеткен.
“2023 жылғы 19 шілдеде 3 негізгі күдікті ұсталды. Тінту барысында қашықтан қосылуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғылар мен бағдарламалар, ақшалай қаражат және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 207 «Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялар желісінің жұмысын бұзу») және 210 баптары («Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – делінген хабарламада.Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылы осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.