Қаңтар оқиғасы: Жамбыл облысында полиция ғимаратынан ұрланған қару-жарақ табылды
Қаңтар оқиғасы: Жамбыл облысында полиция ғимаратынан ұрланған қару-жарақ табылды
Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді іздеуге қатысты үздіксіз жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, өткен тәулікте қару жасырылған үш ірі орын анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
«Тектұрмас» этнотарихи кешенінің аумағында жедел ақпаратты іске асыру барысында ПД ҰҚҚІҚБ және ЕҚҚІБ қызметкерлері ашық алаңнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған полипропилен қапшықтарды тапты.
«Қапшықтардан қаңтар оқиғалары кезінде ПД ғимаратынан ұрланған 9 мм калибрлі пулемет-тапанша, 20 мм калибрлі ТОЗ-120 бір ұңғылы тегіс оқпанды аңшы мылтығы, ТОЗ-63 16 калибрлі екі ұңғылы аңшы мылтығының екі бірлігі, 4,5 мм калибрлі МР-654 пневматикалық тапаншасы, ИЖ-79 газ тапаншасы, РГД-5 қол гранатасы, АК-47 автоматының оқжатары, түрлі калибрлі 87 патрон және арнайы құралдар табылып, тәркіленді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.Сондай-ақ Тараз қаласының ПБ 2- полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс орталығындағы көшелердің біріндегі қоқыс арасына жасырылған 16- калибрлі «ИЖ-ЗК» маркалы мылтықты, «ТТ ЛИДЕР» маркалы травматикалық тапанша, түрлі калибрлі 23 оқ-дәрі, «АКСУ» автоматының оқтамасы, полицей каскасы, оқ өтпейтін жилет, резеңке таяқша және полицей қалқаны табылып тәркіленді. Қазіргі уақытта осы деректерге қатысты ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз иелену, дайындау, беру, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар кешені тағайындалды.