Жаңалықтар

68-қабаттан құлап кеткен белгілі блогер қайтыс болды

68-қабаттан құлап кеткен белгілі блогер қайтыс болды

«Enigma» атымен танымал франциялық Реми Лучиди Гонконгта 68-қабаттан құлап қаза тапты, деп хабарлады Taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 30 жастағы жігіт Гонконгтағы Tregunter Tower жоғарғы қабатындағы пентхаус шатырынан құлап көз жұмды. Француз бейсенбі күні кешке зәулім ғимаратқа кіріп, күзетшіге досына қонаққа келгенін айтқан. Күзетші оны тоқтатпақ болғанда ол тыңдамай жоғарыға көтеріліп кеткен. Видеобақылау камерасының кадрынан Лучидидің лифтпен 49-қабатқа, кейін баспалдақпен жоғарыға көтеріліп бара жатқаны көрініп тұр. Соңғы рет оның ғимараттың терезесін тоқылдатып, қызметші әйелді көмекке шақырып жатқанын көрген, кейін ол құлап, мерт болды. Ремиді іздеген қауіпсіздік қызметкерлері кейінірек шатырдың люгі ашық тұрғанын байқаған. Полицейлер оны пентхаустан тысқарыда тұзақта қалып қойып, сол кезде елді көмекке шақырды деп болжап отыр. Полиция оқиға орнынан ер адамның камерасын тапты. Оған басқа да қауіпті трюктердің видеосы түсірілген. Лучиди Instagram-дағы оқырмандарына қиын трюктер жасаған әсерлі видеоларын жиі бөлісіп отырған. 2019 жылы Реми Гонконгтегі көппәтерлі үйдің үстінде кетіп бара жатып, өзін түсірген. Онда шатырдың шетіне бірнеше дюйм ғана қалғанын көруге болады. Сондай-ақ ол әлемдегі, соның ішінде Болгария, Колумбия, Франция, Дубай және Польшадағы биік ғимараттарға шығып, танымал болған.