Оралда 18 жастағы жалдамалы алаяқ ұсталды
Оралда 18 жастағы жалдамалы алаяқ ұсталды
Оралда 18 жастағы М. есімді жалдамалы алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Taulik.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Telegram қосымшасы арқылы жұмысқа тұрған. Сондай-ақ, қызметі адам алдауға байланысты екенін біле тұра, алданған адамдардың ақшаларын алаяқтарға жеткізіп отырған. 3 тамызда сағат 11:00 кезінде өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз адам жол апатына кінәлі деп танылған туысын қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәселені шешуге көмектесемін деген желеумен түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, алдау жолымен 75 жастағы зейнеткердің қаражатын иемденген. Алаяқтар курьер арқылы ақшаны өздерінің қанжығаларына басып отырған.
Алаяқтар алдымен курьердің көмегімен 3 500 еуро мен 3 500 доллар көлеміндегі ақшаны иемденсе, кейін қайта телефон соғып, қосымша 8 миллион теңге талап еткен. Екінші жағдайда, "дропперлер" алаяқтарға Орал қаласының 80 жастағы тұрғынына тиесілі 4 мың АҚШ доллары мен 68 мың рубль ақшасын берген.
"Қылмыстың желісі біріншісіне ұқсас. Бұл жағдайда да алаяқтар туыстарын жауапкершілікке тартпау мәселесін шешу үшін ақша талап еткен. Қоңырау шалғандар "шабарман" жіберетіндерін, ешқайда барудың қажеті жоқ екенін айтқан. Бұл деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.Қазір ұсталған азаматтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға бар-жоғы анықталып жатыр.