Саясат

Әскерге шақыру форматы өзгертіледі

Әскерге шақыру форматы өзгертіледі

2024 жылдан бастап әскерге шақырылушы азаматтардың құжаттары қарулы күштердің электронды базасына енгізіледі, деп хабарлайды Taulik.kz. Министрліктің айтуынша, бұл жоба арқылы қағазбастылық азайып, азаматтар туралы мәліметтерді алу қолжетімді әрі жылдам болады. Жоба "Электрондық үкімет" порталы және "еGov" мобильдік қосымшасы арқылы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ базаға тіркеу арқылы азаматтарды әскери есепке алу мен қызметке жарамдылық санаты анықталады.

“Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу процесі автоматты түрде жасалынатын болады. Негізі тіркеу процестері қаңтардың басынан, наурыздың аяғына дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстың арқасында біз мемлекет үшін 1 миллиардтан астам қаржысын және азаматтардың уақытын үнемдеп отырмыз”, – дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Ведомство ақпаратынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылы туған Қазақстан азаматтары тіркелуге жатады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл шамамен 120 мың бозбаланы құрайды.

"Проактивті режим әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қызметті автоматтандыру сол сияқты шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәліктерді алу қажеттігін де жояды",-деп нақтылады министрлік.