Қоғам

Митталдың активтері ресейлік «Северстальға» беріле ме – Скляр жауап берді

Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясын республикадан шығару туралы саяси шешім қабылданған болатын

Қайғылы апаттан соң «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясын республикадан шығару туралы саяси шешім қабылданғаннан кейін акционерлермен келіссөздер тамыз айынан бері жалғасуда. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Taulik.kz.

Бұған дейін БАҚ «Северсталь» ресейлік тау-кен металлургиялық компаниясы болашақ АМТ-ды сатып алушылардың бірі болуы мүмкін деп хабарлаған болатын. Алайда Роман Скляр бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, қазір басқа инверсторларды қарастырып жатқанын мәлімдеді.

"Жоқ, олай емес. Ресейлік компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ.  Шынында да, компанияның (АрселорМиттал Теміртау – ред.) жөндеу және инвестициялау бойынша мерзімі өткен міндеттемелері бар. Болып жатқан қайғылы оқиғалар бізді алаңдатпауы мүмкін емес. Жұмыс істей алатын және тиімді инвестиция сала алатын басқа инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қауіпсіздік – басты басымдық. Мен қазір қандай инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айта алмаймын", - деді Скляр.