«Мұнай бағасының ауытқуы теңге мен Қазақстан экономикасы үшін маңызды емес» – Жамаубаев
Жамаубаев пікір білдірді
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев дүниежүзілік нарықтағы мұнай бағасының соғыс салдарынан болған құбылуы Қазақстан экономикасы мен теңге бағамына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты, деп жазады Taulik.kz.
«Мұнай бағасы бұрын қыркүйекте барреліне 90 долларға жеткен. Сондықтан мен бұл шамалы ауытқуды экономикамыз үшін маңызды деп санамаймын. Біз жыл басында барреліне 85 доллар шамасында деп болжаған едік, қазір ол шамасында. Тағы бір айта кететін жайт, сегіз ай бойы мұнай бағасы айтарлықтай төмен деңгейде болды, сондықтан бізде республикалық бюджетте тапшылық болды. Бұл жыл соңына дейін белгілі бір төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нақты баға», - деді Жамаубаев сейсенбі күні үкіметтің брифингінде.
Министрдің айтуынша, қазақстандық теңгенің долларға қатынасына әсер ететін басқа да іргелі факторлар бар.