Ақтөбенің экс-әкімі 8 жылға сотталды
Айыпталушы үкімді тергеу изоляторында отырып тыңдады.
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының экс-төрағасы болған тұстағы ісі үшін сотталды. Ол Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпты деп танылды, деп хабарлады taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
№2 Ақтөбе қалалық сотында Ермек Имантаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім оқылды. Айыпталушы үкімді тергеу изоляторында отырып тыңдады.
«Ермек Имантаев Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оған мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқарушы билікте, ҚР Ұлттық банкінде, қаржы саласында, квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылу жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны – қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі», – деді №2 сотының судьясы Теміржан Алданов.
Сонымен бірге сот «Ақтөбе» ӘКК-нің арызын қанағаттандырып, Имантаевтан мемлекетке 199 млн 400 мың теңге, баж салығына 5,9 млн теңге өндіріп алуды үкім етті.
Сот отырысын онлайн тыңдаған айыпталушы үкім оқылмас бұрын өз ойын да айтты.
«Өзімді аздап жақсы сезініп отырмын. Бүгін аштық жариялауды тоқтаттым. Себебі жағдайым қиындап кетті. Дәрігер аз уақыт қалғанын хабарлады. Өз отбасымды, балаларымды ойладым. Сол үшін де ас-су қабылдап, өз құқығымды қорғаймын деп шештім. Хәлім әлі оңала қоймаған соң сот залында емес, тергеу абақтысында онлайн қосылып отырмын. Қозғалуым қиын. Жасанды жолмен тамақтандырғысы келіп еді. Одан бас тарттым. Мен күресті тоқтатпаймын. Бүгін бір кезеңін ғана өтеміз», – деді Ермек Имантаев.
Айта кетейік, 11 шілде күні «Ақтөбе» ӘКК-нің экс-төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Оның үстінен, алдымен, Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін істі тергеу кезінде бұл бап Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» бабына ауыстырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.