«ҚазАвтоЖол» 70 мың автокөлік жүргізушісіне ақшасын қайтарады
Аталған жұмыс еліміздің барлық өңірінде жүргізілетін болады.
Қарағанды көлік прокуратурасы ақылы автомобиль жолдарымен жүру негіздері туралы жария шартта автокөлік жүргізушілерінің құқығына қайшы келетін талапты анықтады, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, жедел жол қызметтерін тұтынушылар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстырған жағдайда пайдаланылмаған төлемдерді қайтара алатын тармақ болмаған. Бүгінде тиісті түзетулер енгізіліп, ол туралы ақпарат «Қазавтожол» АҚ-ның ресми сайттарында орналастырылды.
Жалпы прокуратураның талдауы Қарағанды облысы бойынша 69 мың автокөлік жүргізушісіне 38 млн теңгеден астам сомаға аванстық төлемдер қайтарылмағанын көрсетті. Прокуратураның араласуынан кейін ғана тұтынушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Сондай-ақ Ұлттық оператордың мүдделерін қорғау өте әлсіз жүргізілгені анықталды. Себебі осы қызметтерді алған 138 мың тұтынушының 3 жыл ішінде 50 млн теңге берешегі жинақталғаны белгілі болды.
Көбінесе мұндай адамдарға қатысты материалдар ақылы автомобиль жолдарымен жүргені үшін уақтылы төленбеу белгілері бойынша оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында көліктік бақылау инспекциясына жолданбаған.
Прокуратураның актісі бойынша «Қазавтожол» АҚ филиалының басшылары жол ақысын төлемеген автокөлік жүргізушілеріне қатысты әкімшілік ықпал ету шараларынан алшақтатқаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Аталған жұмыс еліміздің барлық өңірінде жүргізілетін болады.