Бұл - Миттал мырзаның Қазақстан азаматтарына немқұрайлылықпен қарауының мысалы – Саиров
Оқиға болған сәтте жер астында 250-ден астам кенші болды.
«Ел азаматтарының мүддесін қорғамайтын «Арселор Миттал» Қазақстаннан кетуі керек». Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай деді, деп хабарлайды Taulik.kz.
«1995 жылдан бастап бүгінге дейін осы Қарағандыдағы «Арселор-Митталда» 200-ге тарта адам жарақаттанып, 100-ден астам адам қайтыс болды. Бұл – Миттал мырзаның Қазақстандағы жұмысы Қазақстанның азаматтарының өміріне немқұрайлылықтың мысалы. Міне, осы 30 жылдың ішінде өндірісті модернизация жасауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көк тиын жұмсалмаған. Бүкіл тапқан-таянғанының барлығын бұл компания шетелге өздерінің қалталарына салып отырған. Сондықтан Қазақстанның азаматтарының мүддесін қорғамайтын инвесторлар Қазақстаннан кету керек. Бұл жөнінде біз бұрыннан айтып жүрміз. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Арселор-Митталмен» конрактіні бұзу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Менің ойымша, бұл өте дұрыс», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Еске салайық, компанияның мәлімдемесіне сәйкес, 28 кеншінің қаза тапқаны расталды, тағы 18 адам хабар-ошарсыз кетті. Костенко атындағы шахтада шамамен 700 метр тереңдікте метан жарылды.
Сондай-ақ, Арселор компанияның меншігін Қазақстан Республикасына беру туралы мәміле келісілгенін хабарлайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.