«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына келетін инвестор 3 жылда 3 млрд доллар құюы керек – Смайылов
Смайлов «АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторының қандай мүмкіндіктері болуы керектігін айтты
Премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тартылатынын инвесторлар жөнінде мәлімдеме жасады, деп жазады Taulik.kz.
«Оны да жақын арада білесіздер. Негізгі талап – үш жылдың ішінде кем дегенде 3 млрд доллар инвестиция салуы керек. Бірінші кезекте өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ету, зауыттағы барлық жабдықты жаңғырту, өндірісті кеңейту, әлеуметтік жағдайды сақтау, жалақыларды толығымен төлеу маңызды. Кем дегенде 3 млрд долларды жақын арада, 3 жыл ішінде салуы керек. Оның кем дегенде 1,3 млрд долларын қазір бірден салуы қажет. Сондықтан бұл өте маңызды талап», - деді Әлихан Смайылов.
Ол компанияны Қазақстан Республикасына беру туралы алдын ала келісімге сәйкес, қазіргі уақытта оның егжей-тегжейлерін жария ету мүмкін еместігін қосты.
«Олар біз осы келісімді аяқтағаннан кейін хабарланады. Бұл тура бір айдың ішінде болады. 30 қарашаға дейін трансфердің барлық заңды рәсімдерін аяқтауымыз керек», - деді Әлихан Смайылов.
Сөзінің соңында Премьер-Министр мемлекеттің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік иесі болу және оған бюджет қаражатын салу жоспары жоқ екенін атап өтті.