Жаңалықтар

Қазақтар жас ерекшелігіне не үшін мән береді

Жас ерекшелігі қандай рөл ойнайды

Қазақта дүние есігін ашқан әр адамның сәби күнінен бастап жасына сай белгілі атаумен атаған. Сол арқылы адамға жасына лайық міндет пен талаптар қойған.

Сонымен сәби кезден қарттыққа дейін жастың атауы қандай?

1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте

1 жастан 10 айға дейін – сәби

1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек

2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін

3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса

6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай

8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек

13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім

16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен

20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз

30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек

40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте

50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел

60 пен 70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже

70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым

80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария

90 мен 100 жас аралығы – селкілдек шал, селкілдек кемпір

100 жастан жоғары – кейуана, баба.

Әр жасқа қандай талап қойылады?

7-10 жас аралығы – қозы жасы. Бұл жастағы балаларға төрт түлік малдың төлдерінің ен-таңбасын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.

10 жастан 20 жасқа дейін – қой жасы. Ер бала осы жас аралығында қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың (ұрық таңдау, баптау, ору, жию, қамбалау) әдісін, бағбандықтың (көшет отырғызу, баптау, бұтау, үзу, сақтау) сияқты амалдарын толық меңгеруі тиіс.

20 жастан 30 жас – жылқы жасы. Бұл жастағыларға ел танып, жер танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да, батыр болуы тиіс.

40 жас – жігіт ағасы, дүр жігіт. Қырыққа келген азаматты елдің тірегі санап, сын сағатта иек артқан.

50 жас – ел ағасы. Кейінгі ұпаққа жөн сілтеп, ақылшы болған. 60 жас – отағасы, пайғамбар жасы. 70-80 жас – қарасақал, ақсақал деп құрмет тұтқан.