Жаңалықтар

БАҚ: Финляндия Ресеймен шекарасын түгел жабуы мүмкін

Үшінші елдерден пана сұрап келушілердің күрт көбеюіне байланысты Финляндия Ресеймен шекарасын толық жауып тастауы мүмкін.

Бұл жөнінде Финляндияның Iltalehti газеті жазды. Шешім бүгін қабылданса, сәрсенбіге қараған түні шекара бекеттері жабылады.

Өткен аптада фин билігі оңтүстік-шығысындағы үш шекара бекетін жапқан. Ресейдің Карелиясы мен Мурманск облысымен шектесетін шығысы мен солтүстік-шығысындағы төрт бақылау-өткізу пункті қалған. Сомали, Сирия, Ирак және өзге де елдердің азаматтары осыдан соң "Вартиус" шекара пунктіне келе бастаған.

Фин билігі босқындардың фин шекарасына қарай ағылуына Ресейдің қатысы бар, босқындар арқылы қысым жасағысы келеді деп санайды.

Север.Реалии жазуына қарағанда, Карелияда Финляндияға өткісі келетін мигранттарға арналған пункт ашылған. Ол төңіректегі елдімекен тұрғындары "босқындармен көршіліктен" қауіптенетінін әлеуметтік желіге жазып жатыр. Олардың есебіне қарағанда, шекара түбіне 50-ден астам босқын жиналған.

Фин шекарашыларының айтуынша, халықты Финляндияға алып кетуге тура келген, өйткені ресейлік шекарашылар оларды кері қайтарып, тіпті Финляндия аумағына «итеріп жіберген». Бұлар негізінен Сомали азаматтары болды.
 
Бұған дейін Финляндия мигранттар санының артуына байланысты Ресеймен шекарадағы тоғыз шекара бекетінің төртеуін жапқан. Финляндия президенті Саули Ниинистёнің айтуынша, ел «Ресей Федерациясының мұндай жағымсыз нәрселеріне» дайын болды.

Ресей Сыртқы істер министрлігі айыптауларды жоққа шығарды.