Жаңалықтар

Каннибалдар бостандықта: Украинада соғысқан қылмыскерлер Ресейге оралуда

Аса қауіпті каннибалдар бостандықта жүр

Ресей мен Украина соғысы басталған сәттен бері, Ресей түрмелеріндегі 90-120 мыңға жуық сотталушы соғысқа аттанған. Олардың басым бөлігі «Вагнер» жеке әскери компаниясы арқылы соғысқа келісіммен барған және алты ай соғысып, тірі қалғандары рақымшылыққа ілінген.

Тәуелсіз тілшілер Путин билігі аса қауіпті қылмыскерлерді де түрмеден шығарып, ұрыс даласына жіберіп, артынша рақымшылық жариялағанын анықтады. Олардың ішінде адам етін жеген каннибалдар да бар болып шықты.

Солардың бірі 22 жылға сотталған Денис Горин. Ол төрт адамды өлтіріп, каннибализммен айналысқаны үшін темір торға тоғытылған. Оның Украина соғысына қатысып, Ресейге қайта оралғаны анықталды. Бұл туралы ақпаратты телеграмға «Сахалин соғысқа қарсы» арнасы жазды. Ақпаратты «Сибирь.Реалии» басылымына Гориннің көршісі де растаған.  

Көршісінің сөзінше Горин қазіргі уақытта Оңтүстік Сахалиндегі аурухананың бірінде ем қабылдауда. Ол Украина соғысында жараланған. 2023 жылдың 24-қазанында Горин Одноклассники желісіндегі парақшасында әскери формада тұрған суретін салған. Осылайша Украина соғысына қатысып жатқанын растаған.

Горин 2003 жылы кісі өлтіріп, сотталған. 2010 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Сол жылы тағы бір адамды өлтіріп, каннибализм әрекетін жасаған. 2011 жылы ол ағасы екеуі бір адамды өлтіріп, орманға апарып, көміп тастаған. Ал 2012 жылы тағы бір адамды мерт қылған. Ақыры ұсталып, барлық қылмысты мойындап, 2018 жылы 22 жылға сотталған.

Тәуелсіз зерттеушілер Гориннен бөлек тағы 20-дан астам аса ауыр қылмыс жасағандар босатылғанын анықтады. Олардың ішінде жаппай кісі өлтіргендер, каннибалдар мен педофилдер де бар.

Өткен аптада каннибализм үшін сотталған Николай Оголобяктің босатылғаны анықталды. 2008 жылы Оголобяк пен оның достары 4 жасөспірімді өлтіріп, етін жеген. Оголобяктің әкесі ресейлік 76.ru сайтына пікір білдіріп, ұлының қылмыскерлерден жасақталған «Шторм Z» отрядында соғысқанын, артынша жарақат алып, үйіне қайтқанын растады.  

DW басылымының жазуынша Путин рақымшылық жасау құжатына жеке қол қояды және көбіне оны жария етпейді. Басылым бостындыққа шыққан аса ауыр қылмыс жасағандар саны әлдеқайда көп деп санайды.