Білім

Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдарды шектегісі келді ме?

Нұсқаулықты ғалымдар цензура деп бағалап отыр.

2023 жылдың қазан айында Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ғылым комитеті ғалымдарға зерттеуге және сұхбат беруге қатысты ресми ұсыныс бекіткен еді. Бұл үкіметтің КГБ-нің құпия архивтерін ашуы қарсаңына тұспа-тұс келді. Кейін құжат әлеуметтік желілерде тарап, бірқатар тарихшылар арасында наразылық туғызды. Көп уақыт өтпей министрлік өкілі құжат қайтарылғанын мәлімдеді. 

Нұсқаулық 12 пунктен тұрады. Құжатта мемлекетаралық қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін мәліметтерді жариялауға, отарлау, ашаршылық пен 1920-30 жылдардағы қуғын-сүргінге субъективті баға беруге, ұлтшылдықты үгіттейтеуге және мемлекеттік мекемелер абыройына нұқсан келтіретін зерттеулерді жариялауға жол берілмесін делінген.

Одан бөлек, қала атауын өзгерту немесе мектепте хиджаб кию секілді қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге қатысты БАҚ-қа сұхбат бермеу де ұсыныс ретінде жазылған. Ал БАҚ өкілдері сұхбат алған жағдайда, ол жарияланбай тұрып тексеруді талап ету де ұсынылған.

Ал бұл нұсқаулықты ғалымдар цензура деп бағалап отыр.

Әлеуметтік желі қолданушыларының да нұсқаулыққа қатысты ойы әртүрлі. Бірі мұны совет билігі кезіндегі цензураға теңеп, министрдің отставкаға кетуін талап етсе, тағы бірі қазіргі биліктің ғалымдардың ой-пікірін шектеуге қатысты жасаған тағы бәрі әдісі деп есептейді.

Нұсқаулық тарағаннан кейін бірнеше күнде, нақтырақ 11 қазан күні министрліктің ресми өкілі Ержан Байтанаев БАҚ-қа берген сұхбатында “ғалымдар мұны мемлекеттік органдар тарапынан жасалған ұсыныс ретінде қабылдауы керек” деді.

Сол күні министрлік өкілі нұсқаулық тек Ғылым комитетінің жеке бастамасы болғанын және оны министрлік рұқсатынсыз жарияланғанын айтты. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы нұсқаулықтың тарап кеткеніне күдікпен қарайды. Ол нормативтік құқықтық актілер туралы заңда мемлекеттік органдарда ирархиялық үстемдік барын айтады. Сондықтан комитеттің құжатты өз бетінше жариялап жібергеніне сенбейтінін жеткізді.

“Бұл жай ғана жауапкершіліктен қашудың қолайсыз, аңғал жолы”, – деді ол.

Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы “ғылым және жоғары білім министрілігінің цензура орнататын ешқандай құзыреті жоқ” дейді.  Ол осы уақытқа дейін цензура бейресми түрде болды деп есептейді.

“Бұл барып тұрған заңсыздық. Конституцияны аяққа таптап отыр. Конституцияда сөз бостандығына кепілдік берілген. XX ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы, Алаш республикасы, Алаш қайраткерлері жайында 74 жыл бойы әділ зерттеуге тыйым салынды. Тек бұрмалап не жамандап зерттеуге рұқсат берілді”, – деді ғалым.

Қазақ ғылымындағы цензураға қатысты бұған дейін де дау болған. Мысалы, 2018 жылы Назарбаев университеті Лингвистика мамандығының түлегі Бейбарыс Сейтақ өзінің фейсбуктегі парақшасында америкалық ғалым Дэвид Бринкерхоффтың “Социология негіздері” атты кітабының қазақ тіліне аударылған нұсқасында ЛГБТ туралы жазылған бірнеше бет жоқ екенін және аудармасы да бұрмаланғанын жазған.

Бұл дауға қатысты 17 қазан күні үкімет үйіндегі брифингте журналистер мәдениет және ақпарат министрінен де сұрады. Аида Балаева құжат басқа министрлікке қарайтынын ескертіп, нақты баға бере алмайтынын, Қазақстанда сөз бостандығына шектеу жоғын айтты.

Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, құжаттың пайда болуына Қазақстан тарихының жаңа жеті томдығының қайта жазылуы себеп болуы мүмкін.

“Біздің ғылым комитеті саясаттан тыс, әділетті, еркін ойлай алатын бөлек институт болуға әлі де дайын емес. Ғылым ешқашан тәуелсіз болмаған, саяси биліктің құлы болған. Бұл арқылы [билік] сыни ойлай білетін ғалымдарға дайын еместігін көрсетті”, – деді Құсайынқызы редакцияға берген сұхбатында.

Осы тақырыпты зерттеген Азаттық журналисі Асылхан Мамашұлы құжат Ресей мен Қазақстан арасындағы геосаяси жағдайды ушықтырып алмау үшін жазылды дейді. Ол MNU Newsroom тілшісіне “Ресейдің көңіліне тиіп кетпеу, жақпай қалмау мақсатында” дайындалған құжат деп түсінгенін айтты.

“Ел басшылығының Ресейге аздап жалтақтайтыны бар. Осы тұрғыдан алған кезде [қазақ билігі] Ресейдің көңіліне тиіп кететіндей мәселелердің шықпағанын қалайды. Ғылымда да ондай мәселелер жеткілікті. Мысалы, [Қазақстандағы ашаршылықты] геноцид деп тану. Украина [ашаршылықты] голодомор деп таныды ғой. Ал Ресей онымен келіспеді. Бұл да бізге себеп болып кетпесін деп мемлекеттің өзі ашаршылықты геноцид деп ресми түрде мойындаудан бас тартып отыр”, – деп жазды ол.

Журналистің пайымдауынша, ғалым саяси тақырыпты көтере бастаса, уақыт өте келе грант ұтып алу мүмкіндігінен алыстай береді. Себебі Қазақстанда ғылыми жобалардың басым бөлігі мемлекеттен қаржыландырылады.

«Осы нұсқаулыққа қалай қарайсыздар, деп үш-төрт тарихшы ғалымға сұрақ қойдым. Бәрі пікір білдіруден бас тартты … Шамалы уақыт өткеннен кейін грант ойналады. Гранттан қағып тастайды бірден», – деді журналист.

Саясаттанушы Назым Әділетқызы да нұсқаулықтың дайындалуы қазіргі уақыттағы Ресей мен Қазақстанның геосаяси жағдайына байланысты деп есептейді.

“Ресейдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары еліміздің тарихына қатысты қате пікірлері мен олардың интервьюлеріне қатысты туып жатқан даулар, сонымен қатар потенциалды конфликтілердің алдын-алу үшін нұсқаулық дайындалған болуы мүмкін”, – деді ғалым.

 

Назым Тұяқбай
MNU Newsroom