Каспий теңізінің тартылу себебі қандай?
Каспий теңізі не себепті тартылып барады?
Каспийдің қазіргі жағдайы Маңғыстау өңірінің тұрғындарын алаңдатады. Жыл сайын тартылып, кейін өз арнасына қайтып келіп отыратын теңіз деңгейі осы жылы дабыл қағатындай төмендеген.
Мариана Сүлейменова есімді Ақтау қаласының тұрғыны Каспийдің жағасында өскен. Оның сөзінше, бала кезінде теңіз деңгейі айтарлықтай жоғары болған. Өсе келе теңіз суы көз алдында азайып бара жатқаны жанына бататынын, тартылып кетсе қала көркі жоғалатынын айтты. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің су көлемі 78 000 куб шақырымды құрайды.
“Каспий теңізі тартылып қалса, тұрғындар сусыз қалады”, – дейді Мариана Сүлейменова MNU Newsroom тілшісіне.
ҚР Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің хабарлауынша, Каспий теңізіндегі су деңгейі жыл сайын айтарлықтай өзгеріске ұшырайды.
“Каспий теңізінің ең жоғары деңгейі 1882 жылы (-25,2 м), ең төмен деңгейі 1977 жылы (-29,0 м) тіркелді. Ал 1978 жылдан бастап су деңгейі қайта көтеріліп, 1995 жылы -26,7 метрге жеткен. 1996 жылдан бастап тағы да төмендеу үдерісі байқалды” делінген Қазгидромет хабарламасында.
Германиядағы геоғылымдар зерттеу орталығы мен америкалық NASA агенттігінің 2021 жылғы зерттеуіне сүйенсек, Каспий теңізінің су деңгейі жыл сайын орта есеппен 8 метрге төмендеп келеді.
Қайролла Біжікенов Маңғыстау облысындағы Шетпе елді мекенінде тұрады. Ол Каспийдің тартылуы теңізге құйып жатқан Жайық пен Еділ суының көлемі азайғанынан деп есептейді. Оның сөзінше, құятын өзендер көлемі азайса, теңіз де өз арнасын толтыра алмайтыны белгілі.
Қазгидрометтің соңғы деректері сенсек, 2023 жылдың 30 қараша мен 6 желтоқсан аралығындағы теңіз суы -29,22 метрге дейін тартылған. Бұл ең төмен деңгейі боп тіркелген 1977 жылғы көрсеткіштен де асып түскен. Ғалымдар мұны Каспийге өзендерден келетін су көлемінің азайғанымен байланыстырады.
Каспий теңізін 13 жыл бойы зерттеген алматылық гидролог ғалым Жанар Наурызбаеваның пікірінше, ғалымдардың алдағы Каспийдің жағдайына байланысты болжамдары көңіл көншітпейді.
“Теңіз ары қарай да тартыла береді”, – дейді Наурызбаева.
Ғалым Каспий деңгейінің төмендеуі, керісінше, климаттың жылынуына да әкеп соғатынын айтады.
“Ауа температурасының жоғарылауы, әсіресе, жоғары ендіктерде көрініс табады. Бұл параметрдің меридиандық градиентінің әлсіреуіне әкеледі. Мұндай жағдайда атмосфераның аймақтық айналымының қарқындылығы артады. Нәтижесінде циклондардың негізгі траекториясы солтүстікке қарай жылжиды және Еділ бассейнінің үстінде жауын-шашын аз болатын жоғары қысым аймағы пайда болады”, – деп түсіндіреді гидролог Наурызбаева.
Құрлықтағы су бассейнінің азаюы өңірдегі флора мен фаунаға әсері болмай қоймайтыны анық. Осыған ұқсас судың тарылуы Оңтүстік Америка, Африка және Азия елдеріндегі алып өзендер сағасында байқалады. Ондағы су тарылуына да антропогендік фактор әсер етіп отыр.
География және Су қауіпсіздігі Институты ғалымы Нариман Әмірғалиевтің әріптестерімен бірігіп жазған 2022 жылғы зерттеуінде 1971 жылдан бастап Жайық өзенінің орташа жылдық ағынының жүйелі және біртіндеп төмендеуі байқалатыны айтылады. Алайда 1990-1994 жылдары аралығында шамалы өсім болған. Өзеннің жылдық ағынының мөлшері орташа жылдық 12,0 куб шақырыммен салыстырғанда төмендеген. Сосын 1995 жылға қарай орташа есеппен 10,0 куб шақырымға дейін, ал 2016 жылға қарай орташа есеппен 7,47 куб шақырымға дейін азайған.
Су және ирригация министрлігінің 2022 жылғы мәліметі бойынша, Еділ өзенінен Каспий теңізіне жер үсті су ағынының көлемі 226,2 куб шақырым, ал Жайық, Ембі өзендерінен 10 куб шақырымды құраған. Бұл Каспийге құятын жер үсті суының әлдеқайда азайғанын көрсетеді.
Ғалым Нариман Әмірғалиевтің сөзінше, Жайық өзенінің су қоры азаюына оның ластануы да тікелей әсер етеді.
“Жайық өзені бассейінінің жер үсті суларының техногендік ластануы жалғасуда. Бұл өзен экожүйелерінің экологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына әкеледі. Өзенге көптеген қоқыстар, биогендік элементтер, ауыр металдар және антропогендік ластанған материалдар кіреді. Көпжылдық бақылауларға сәйкес су ағындарының тұрақты ластануы байқалды. Көптеген параметрлер жер үсті сулары үшін шекті рұқсат етілген концентрациялардың мәндерінен асып түседі”, – дейді ғалым.
Иран ғалымдарының 2021 жылғы зерттеуіне сүйенсек, Каспий теңізі жағалауының 60 пайызының лас екенін белгілі болған. Ғалымдар жағажайдың ластану деңгейін халықаралық Clean Coast Index (CCI) және Clean Environmental Index (CEI) құралдарымен өлшеген. Ғалымдардың жазуынша, теңіз бетінде ең жиі кездесетін қоқыс – темекі қалдығы.
Марат Тәжімағанбет есімді Ақтау қаласы тұрғыны салынып жатқан каналдар мен су қоймалары Еділ мен Жайықтан теңізге келетін су көлемінің азаюына әкелгенін айтты.
“Ресей тұрғындары үшін де Еділ мен Жайық тіршілік көзі саналады. Сондықтан соңғы уақытта олар да көптеген су қоймалары мен каналдар салып жатыр дегенді естідім”, – дейді ол MNU Newsroom тілшісіне.
Орынборда тұратын геоэколог ғалым Жанна Сивохиптің зерттеуінше, Ресей Федерациясының аумағындағы Жайық өзенінің бассейнінде жалпы көлемі 5,5 миллион куб метрден асатын 18 ірі және орта су қоймасы бар. Олардың ішіндегі ең үлкеніне Жоғарғы Орал (600 млн м³), Магнитогорск (190 млн м³ ) және Ириклин (3260 млн м³) су қоймалары кіреді.
Теңіздің тартылуы Маңғыстау тұрғындарына қалай әсер етті?
Гидролог Жанар Наурызбаева теңіздің тартылуын алдын алмаса Маңғыстау облысы экономикалық, экологиялық және әлеуметтік проблемаларға тап болатынын айтты.
“Порттар, кеме қатынасы арналары таязданады. Өтпелі және жартылай өтпелі балықтардың уылдырық шашатын жерлері мен қоректену алаңдары қысқарады, балық өнімділігі төмендейді. Жергілікті флора мен фауна өзгереді. Ауа-райы қолайсыз боп, жергілікті көші-қон қозғалысы артады”, – дейді ғалым.
Каспий суы тартылғандықтан, су тұшыту арналарына су жетпей қалды. Ақтау қаласы тұрғындары соның кесірінен оқтын-оқтын сусыз қалады.
Ақтаулық Марал Кезбаеваның сөзінше, жаздан бері үйлерге ауыз су кестемен беріледі. Қала тұрғындары таңғы 6:00-ден түнгі 12:00-ге дейін сумен қамтылады. Ал қала маңындағы ауылдық аймақ тұрғындары тәулігіне небәрі 2-3 сағатқа ауыз су пайдалана алады екен. Сондықтан ауыл тұрғындары ыдыстарды суға толтырып алады.
Асқар Нысанбаев есімді ақтаулық балықшы теңіз суы тартылып жатқан соң, балықты қармақпен аулау қиындап кеткенін айтты. Өйткені жаға алыстап барады.
“Қазір балық аулауға көп шықпай кеттім. Өйткені ол үшін теңіздің ортасына дейін қайықпен бару керек. Ал қайық әр кезде табыла бермейді. Ау салатын балықшыларға оңайырақ, ал мен көп көлемде балық ауламайтын болған соң теңіз ортасына баруым керек”, – дейді ол MNU Newsroom тілшісіне.
Каспий теңізін қалай сақтап қала аламыз?
“Теңізді сақтап қалудың амалы көп. Суды пайдалануды қайта қарау, Каспий суын өнеркәсіптік кәсіпорындармен ластау жөніндегі шараларды қатаңдату, түбін тереңдету жұмыстарын, өзендерді тазарту жөніндегі шараларды жүргізу, экологиялық мониторинг жасау қажет”, – дейді Наурызбаева.
Ғалым жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін алдын алудың кешенді тәсілін қолданған жөн дейді. Оның ойынша, бұл мәселені тек бір мемлекет шеше алмайды.
Каспий теңізінің тарылуына аймақтағы бес мемлекет бірігіп шешуге тырысып келеді. Теңіздің су ресурсы мен биологиялық әр-алуандығын сақтау мақсатында мемлекет аралық комиссия құрылған. Бірақ теңіз тарылуын, не оның фаунасына оң әсер ететінін ешбір әрекет жасалғаны туралы айтылмады.
Осы жылы жаңадан құрылған Су және ирригация министрлігі Каспий теңізінің тарылуына қатысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді. Министрлік өкілі MNU Newsroom тілшісіне Каспийді құтқару бойынша үкімет қадамдары сол комиссия өкілдері анализ жасағаннан кейін белгілі болатынын айтты.
Қырмызы Сембаева
MNU Newsroom