Күн сайын 20 мың адам қызылшаға қарсы екпе алады – министр
Денсаулық сақтау министрі қызылшаға қарсы екпе туралы айтты.
Бүгінгі таңда елімізде қызылшаның таралуына қарсы қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан астам адам егілді, бұл нысаналы топтың 62%-ын құрайды, күн сайын 20 мыңнан астам адам егіледі, деп хабарлады Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Ведомство басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірлерінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мәселен, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70%-дан астамы қосымша иммундаумен қамтылған.
Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында өткен жылы осы ауруға қарсы жоспарлы вакцинациялау жүргізілді, бір және алты жастағы 700 мыңға жуық бала егілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қызылша бойынша тұрақтандыру үрдісі 6 өңірде – Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Түркістан облыстарында байқалды, деп атап өтті министр. Төмендеу үрдісі 3 өңірде – Шымкент қаласында, Жамбыл және Ұлытау облыстарында байқалды.
2023 жылдың соңында елде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қызылшаның 1674 жағдайы тіркелген.