Білім

«Үздік лингвист» білім бәйгесі

ҚазҰУ-да «Үздік лингвист» байқауы өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 17 сәуірінде жоғары оқу орындарының магистранттары арасында оффлайн форматта ХІ Республикалық «Үздік лингвист» байқауы өтті. «Үздік лингвист» 11 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан білім бәйгесі. Көп жылдар бойы бакалавриаттың 3-ші курс студенттері арасында зияткерлік сайыс форматында өткізіліп келген байқау, биыл алғаш рет олимпиада форматында филологиялық мамандықтардың магистранттары арасында өтті. Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің магистранттары қатысты.

Байқаудың басты мақсаты магистранттардың ғылыми белсенділігін арттыру, ғылым саласындағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту және отандық лингвистиканың дамуына үлес қосу.

«Үздік лингвист» олимпиадасы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар жалпы тіл білімі, тіл теория, лингвистика ілімдерінің тарихы тақырыптары бойынша құрастырылған тест тапсырды.

Екінші кезеңде магистранттар «үй тапсырмасы» бойынша «Қазақстандағы цифрлық лингвистика» тақырыбында баяндамаларын қорғады. Қатысушалар лингвистикадағы ақпараттық және сандық технологиялар, мәтіндік массивтерді автоматты өңдеу, қазақ тілінің корпусын құрастыру, машиналық аударма, мәтінді автоматты талдауға арналған бағдарламалар, тілді үйреті мақсатында мәтіндерді бейімдеу және трнасформациялау, Phyton, Java сияқты жоғарыдеңгейлі бағдарламалау тілдері, қазақ тілін үйренуге арналған электронды ресурстар туралы баяндады. Қатысушылардың әзірлеген баяндамалары қазылар алқасының мүшелері – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі  иститутының қызметкерлері Д. Садық, Ә. Сейтбатқал және халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен TESOL бойынша АҚШ, University of South Florida-да тағылымдамадан өтіп келген  филология факультетінің түлегі Н. Есманованың жоғары бағасына ие болды.

Лингвистика көне дәуірден бастап дамып келе жатқан ғылымның кез келген саласымен тоғысатын әмбебап ғылымдардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда да лингвистика ілімдері әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстандық лингвистика әлемдік тіл білімінің бір бөлігі ретінде ғылымдағы үрдістерге ілесіп дамуды мақсат ететіндіктен, тіл біліміндегі цифровизация мәселесіне ерекше назар аударылуда. «Үздік лингвист» олимпиадасының биылғы мақсаты да еліміздегі цифрлық лингвистиканың дамуына үлес қосу болды. Жас ғалымдар отандық тіл білімінің дамуы мен қазақ тілінің ғылыми өміршеңдігін арттыру бойынша тың идеяларын ұсынды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары ф.ғ.д. Ж.К. Ибраева, ф.ғ.к. М.К. Мәмбетова, магистр Г.С. Нәбиева