Қазақстанда заңсыз алтын өндірісі көбейген
Заңсыз өндіруге қатысты 133 құқықбұзушылық тіркелген.
Қазақстанда кейінгі 4 жылда 25 тонна алтын заңсыз өндірілген. Алтынды заңсыз өндіру және ұрлаудан түскен шығын 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Сенат депутатының айтуынша, Қазақстан жер қойнауынан алынатын алтынның шамамен 25 пайызы заңсыз өндіріледі. 2020 жылдан бастап құнды металлдарды заңсыз өндіруге қатысты 133 құқықбұзушылық тіркелген.
Билы наурыз соңында өткен Сенат отырысында депутат Андрей Лукин 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 25 тонна алтын заңсыз өндірілгені туралы айтты.
“Қазақстанда жылына 100-150 тоннаға шейін алтын өндіруге мүмкіндік бар. Бірақ мұны жүзеге асыру үшін инвестиция тарту қажет және өндіріске рұқсат берілген аймақтарға лицензия беруді жолға қою қажет. Бірақ, статистикаға сүйенсек, мұндай нысандардың 80 пайызы әзірге жүзеге асырылмаған”, – дейді депутат.
Лукин өзінің депутаттық сауалында өндіріс нысандарының өзінде заңсыз алтын қазу әрекеттері болғанын айтады. Депутат оны тоқтату үшін өндіріс нысандарында қауіпсіздік шараларын, яғни қосымша камераларды қондыру қажет деп есептейді.
Сондай-ақ, депутат келтірген дерекке сүйенсек, Ішкі істер органдары кейінгі 4 жылда құнды металлдардың заңсыз өндіруге қатысты 133 қылмыстық құқық бұзу әрекетін тіркеген. Ал Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 7 қылмыстық іс қозғалып, оның 4-і сотқа берілген.
Ұлттық банктың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, алтынның бір граммы бүгінде 34 546.96 теңге тұрады.
Сенатор Лукин алтын ұрлау фактісі болған Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кен орны туралы сөз етеді. Оның сөзінше, аталған жерде заңсыз өндірілген алтынды алып-сатумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған. Заңсыз алтын өндіргендер оны цехтарда өңдеп, Астана, Шымкент және өзге үлкен қалалардағы сауда орталықтарында сатуға жіберген.
Тергеу амалдары жүргізілгенде қылмыстық топ цехтарынан 1 килограмм алтын мен 100-ден аса бұйым тәркіленген.
Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры, экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстан зерттелген 42 алтын кен орынының 28-інде бүгінде өндіріс жүргізіліп жатыр.
“Алтын өндірісі кезінде бұрын “старательдер” дейтін, сондайларда кейбір кезде шахталарды тиімсіз деп тастап кеткен жерлерден, кейін шығыстағы өзендерден алтын алу жолдары бар. Жеке әрекет ететін адамдарды шектеу мәселесі бар, бірақ біз жылына 100 тонна алтын өндірсек, соның бір аздаған бөлігі старательдердің қолынан шығуы мүмкін. Қазақстанда 18 пайыздық көлеңкелі экономика болса, соның біраз үлесі алтын өндіруде де бар шығар”, – дейді Жобаев.
Бүгін нарықта алтын унциясы (31 грамм) 2328 АҚШ долларына тең. Ел территориясында өндірілген алтынды кәсіпкерлер өз бетінше сатуына тыйым салынған. Себебі ол Қазақстан Ұлттық банкі резервінде алтын қорына кіріктіріледі.
Экономистердің есептеуінше, Қазақстан жерінде 380 тонна алтын бар. 34 миллиард долларлық алтын валюта резервінің 24 миллиарды осы алтыннан деп есептелген.