Сараптама

Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру процесі қалай жүреді?

Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру процесі өте қиын.

Отандық құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру процесі өте қиын. Заңгер Ғабит Өмірбек ата-ана құқығынан айыру туралы 100 кейстің тек біреуін ғана сот қанағаттандыратынын айтады

Tengrinews.kz порталының Ішкі істер министрлігіне сілтей отырып, ақпан айында жариялаған дерегіне сәйкес, елде 600-ден астам азамат ата-ана құқығынан айырылған. Бірақ бұл қай кезең бойынша дерек екені белгісіз. 

Сондай-ақ, бала тәрбиесін дұрыс жүргізбей, жауапкершіліктен жалтарып жүрген 6000-нан астам адам профилактикалық есепке тұрғызылғаны туралы жазылған. Ата-ана міндетін орындамағаны үшін 12000-дай адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Астананың сол жағалауында тұратын Айжан Салимованың айтуынша, көрші пәтердегі отбасында жиі ұрыс-керіс болады.

 

“Бір жағдай әлі есімде. Түнгі үш шамасында көрші пәтерден қатты дыбыстар шығып жатты. Мұқият тыңдап көрген кезде, кішкентай қыз баланың жылаған және бір әйел адамның айқайлаған дауысы естілді. Түсінуімше, анасы баласына сабақ оқымағаны үшін қатты ұрысып, шыңғырып, неше түрлі боқауыз сөздер айтты”,  дейді ол.

Мәселені шешу үшін ол тікелей пәтердің өзіне барып, ескерту айтқан. 

“Баланың еңірегеніне шыдамай, өздеріне барып келуге шешім қабылдадым. Өйткені ұзақ уақыт бойы дыбысы тоқтаған емес. Сөйтіп, есіктерін тоқылдаттым. Анасы есікті ашқанымен, бұл дыбыстардың олардан шықпағанын қайталай берді. Алайда шу шыққан пәтер осы кісінікі екеніне еш күмәнім болмады”,  деді Салимова.

Астаналық көршісіне жеке ескерту айтумен шектелген. Бірақ одан бұл жағдай тоқтай қоймаған екен. 

 

Қазақстанның “Неке (ерлі-зайыптық) және отбасы туралы” заңында ата-ананы құқығынан айыру және оларды шектеуге қатысты жазылған 12-тарау бар. Осы заңның 75-бабына сәйкес, егер азамат өзінің ата-аналық мiндетiн орындаудан жалтарса (оның iшiнде алимент төлемеу), балаға қатыгездік көрсетсе (оның ішінде оған күш қолдану, психикасына зорлық көрсету, жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасау), құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және сол тектестерге салынса, ол ата-ана құқығынан айырылады.

Заңгер Өмірзақ Нұртуғанның сөзінше, елде ата-ана құқығынан айыру процесі тек сот арқылы жүзеге асады.

“Сотқа арызданушы ретінде ата-ананың біреуі, немесе прокурор, немесе қамқоршы және қорғаншы ұйымдар барады. Ата-ананың біреуі талап-арыз бергенде негізгі басымдық беретін жағдайлар ретінде алкоголизм, наркомания, лудомания немесе балаға қатыгез қарым-қатынас көрсету саналады. Яғни, кез келген дәлелдеуге болатын жолдар арқылы ең бірінші жергілікті аудандық сотта қаралады”,  дейді ол. 

Оның сөзінше, егер кінәсі дәлелденіп, әкімшілік қаулы шығып жатса, жергілікті жасөспірімдер істері жөніндегі сотқа осы қаулыны дәлел ретінде ұсынып, ата-ана құқығынан айыруын сұрай алады. Алайда, соңғы шешім әрдайым сотта болады.

 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы ата-ана құқығынан айыру бойынша 1963 шешім шығарылған. Ал ата-ана құқығынан айыру туралы іс бойынша қанағаттандырылған талап-арыз саны 1341 болған. 2021 жылмен салыстырғанда, бірінші жағдайда 2081 шешім шығарылса, екінші жағдайда 1481 талап-арыз қанағаттандырылған болатын.

Заңгер Нұртуғанның айтуынша, шешім қабылдау кезінде баланың ойы да қаперге алынады.

“Ата-ананың тәрбиелік, әлеуметтік, материалдық жағдайы да ескеріледі. Сот шешім қабылдар алдында бала ата-анасының қайсысымен қалса да, ол материалдық тұрғыдан жақсы өмірді қамтамасыз ете ала ма? Бұрын қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылған ба? Мұның барлығы түгелдей қаралады. Сонымен қоса, осындай істерде қамқоршы және қорғаншы органдар, прокурор, психолог, социолог және педагог мамандар міндетті түрде қатысады. Ондағы мақсат – бала психикасына келетін салмақты максималды түрде азайту”,  дейді заңгер.

Алматы қаласы заң консультанттары палатасы төрағасының орынбасары Ғабит Өмірбек Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру процесі өте қиын екенін айтады.

 

“Менің практикама келетін болсақ, бір әйел өз баласын қайыр тілеумен айналастырып қойған. Баласы қайыр тілеп, мешіттерді аралап жүретін. Бесінші сыныпқа дейін мектепке бармаған, әріп те танымайды. Сөйтіп, қайыр тілеуді кәсіпке айналдырған. Әкесі мұны біліп қойып, анасын ата-ана құқығынан айыруды соттан талап етті. Мен осыған қатысты қамқоршы және қорғаншы органға арыз жаздым. Сотқа да арыз жаздым”,  деді ол.

Оның айтуынша, сот ата-ана құқығынан айырудан бас тартқан.

“Бала қайтадан мектепке бара салсын деді. Неге ата-ана құқығынан айырмайсыз деп сұрап едік, сот оны істеу үшін анасы проституциямен айналысуы керек, немесе наркодиспансерде есепте тұруы керек, немесе қылмыс жасауы керек деді. Бұл процесс өте қиын. Заңда құқықтан айыруға болады деп жазылғанымен, іс жүзінде өте сирек жағдайда ғана нақты шешім қабылданады”,  дейді Өмірбек.

Өмірзақ Нұртуғанның да практикасында осыған ұқсас жағдай болған. Оның айтуынша, еш дәлелдің болмауы процестің өрбуіне кері әсер етеді.

“Әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша сотқа ер адам анасы ұрады, соғады деген мәселемен арыз түсірген. Алайда, сот отырысында ешқандай дәлел ұсына алмауына байланысты сот бұл айыпты негізсіз деп танып, қанағаттандырусыз қалдырған болатын. Бұл ары қарай ата-ана құқығынан айыру туралы іске ұласуына кедергі болды”,  деді адвокат.

Автор: Дариға Асаниязова