Жаңалықтар

Желтоқсан қаһарманы Ербол Сыпатаевтың өмірбаяны, тың деректер

Желтоқсан қаһарманы Ербол Сыпатаев туралы не білеміз?

Ербол Сыпатаев – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы.

Туған жылы: 10 наурыз 1964 жылы (23 желтоқсан 1986 жылы дүниеден өткен)

Туған жері: Алматы облысы, Панфилов ауданы, Еңбекші ауылы

Білімі: 1985 жылы Алматы қаласында энергетика институты.

Еңбек жолы:

  • 1981-1982 жылдары кеңшарда жүргізуші;
  • 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды;
  • 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті.

1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. 18 желтоқсан күні ауыр жараланып ауруханаға түседі.

23 желтоқсан күні қайтыс болды. 1996 жылы ақталды.

Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда алған соққыдан көз жұмған жас – Ербол Сыпатаев болатын. Ол туралы деректер өте аз. Білетініміз, сол кездегі Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген Ербол Желтоқсан көтерілісі тұсында Алматының энергетика институтының 2-ші курсында оқып жүреді. Одан әрі «ҚазақКСР Жоғарғы Советі президумының Алматы және Қазақстанның өзге облыстарындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына тиісті баға беру жөніндегі комиссия корытындысы» (Апматы қаласы, 1990 жыл.) деректеріне көз жіберсек.

«Тағы бір қайғылы жағдай – алаңда басынан жарақаттанып, кейін қаза болған Алматы энергетика институтының студенті Е.М. Сыпатаевтың ісі. Оның әке-шешесі жоқ, туысқандары ғана бар. Бірақ олар Алматыға шақырылмаған. Қаза туралы анықтаманы ауруханадан МҚК қызметкері алады. Сосын ол милиция қызметкерлерімен бірге мүрде салынған табытты туысқандары тұратын жерге алып жүреді. Түн ішінде келеді, алдын ала хабарланған туысқандары оларды алдынан шығып күтіп алады. Оларға жігітті алаңда жаралы күйінде тауып алғандарын, ауруханада өлгенін, өлтірген адамның белгісіз екенін, қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатқанын түсіндіреді. Прокуратура шынында да іс қозғады, бірақ ол оның өлімі туралы емес, оқиғаларға қатысы жөнінде еді, «айыпталушының» казасына байланысты іс жабылады».

Шаяхмет Оразымбекұлы есімді азамат өз мақаласында («Заң» газеті, 14 желтоқсан, 1997 жыл, «Ол Алаңға өлім іздеп барған жоқ еді») Ербол Сыпатаев туралы бұрын соңды кездеспеген тың деректер ұсынады.

«Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шаштары қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, онды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып кұлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалык» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгірді. Бұлар қарулылар қоршауынан жүгіріп өтіп, тар көшенің бойымен төмен қарай түсе бергенде, арт жақтан естілген зілді дауысқа жалт қараса, қолдарында сапер күрегі бар екі формалы қуып келеді екен. Ербол қыздарға: «Ештеңеге қайырылмай тез жүгіріп, үлкен көшеге шығып кетіңдер» дегенше, өкшелеп келіп, көздеріне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кетті. Қолына, иығына тиген күрек соққыларына карамастан, арпалысқан Ербол оларға біразға дейін алдырмады. Ұзынтұрасын жамбасқа салып, алып ұрды. Тұра бергені сол еді, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзі қарауытып сала берді. Бар күшін жиып, төніп келген екінші соққыға қолын төсеп үлгерді. Бірақ, аяғы тайғанап, сүрініп құлады. Осы сәтте орнынан әрең тұрып үлгерген ұзынтұра жүгіріп келіп, Ерболдың басына ауыр затпен салып қалды. Қапыда қалган албырт жас гүрс етіп құлады. Аяушылық пен мейірімділік атаулыны ұмытқан әлгі екеуі былапыт сөздерді карша боратып, құлап түскен Ерболды аяусыз тепкінің астына алды. Ауыр соққылардан Ербол есін жоғалтты. Одан әрі не болғанын білмейді. Есін жиып, кірпігін көтеруге ғана шамасы келгенде, байқағаны – маңында тұрган ақ халатты дәрігерлер еді.

Алдында тұрган ақ халаттыларға жалыны сөніп бара жатқан көздерін қадап жатып, ол «Қыздар құтылды ма екен?» деп ойлады. Оларға қарап жатып, ол «Мен алаңға өлім іздеп барған жоқ едім ғой», «Елім-ай, ертеңің не болар екен?» деп қиналды… 1986 жылы желтоқсанның жиырма үші күні Ербол Сыпатаев небәрі 22 жасында ауруханада жарық дүниемен қоштасты.

Иә, ол Алаңға өлім іздеп барган жоқ еді…» Ербол Сыпатаев туралы осындай жүрек жарды естеліктер әлі айтыла жатар деген ойдамыз.