38 жастағы белгілі қазақстандық виолончелист қайтыс болды
Белгілі қазақстандық виолончелист, 38 жастағы Болат Тыныбеков мезгілсіз қайтыс болды.
Белгілі қазақстандық виолончелист және вокалист Болат Тыныбеков 38 жасында өмірден өтті. Бұл туралы оның туыстары әлеуметтік желілерде хабарлады.
— Менің ағам, белгілі виолончелист Болат Тыныбеков қайтыс болды. Соңғы жылдары сирек кездессек те, оның өнеріне тәнті болып, қолдан келгенше қолдау көрсетіп жүрдім, — деп жазды марқұмның туысы Айжан Түгелбаева.
Музыканттың мезгілсіз өмірден озғаны туралы суыт хабарды «Bolashaq» қауымдастығы да растады.
— «Bolashaq» қауымдастығы Болат Тыныбековтың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.
Болат Тыныбеков — Қазақстанды әлемдік сахнада танытқан белгілі виолончелист әрі вокалист. Ол Корольдік музыка колледжін тәмамдаған және халықаралық конкурстардың лауреаты атанған. Қазақстан мен Еуропада белсенді концерттер өткізіп, өз талантын паш еткен, — делінген қауымдастық хабарламасында.
Болат Тыныбеков туралы қысқаша мәлімет
Болат Тыныбеков 1985 жылдың 24 шілдесінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектептің түлегі. Өнерге деген сүйіспеншілігі мен ерекше дарыны оны халықаралық деңгейдегі танымал музыкантқа айналдырды.