Путинді Қазақстан билігі осы жолы неге ерекше қарсы алып жатыр?
Астанада 28 қарашада өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне қызу дайындық жүріп жатыр. Соған орай бір топ журналист пен әскери қызметкерлер Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алу үшін Астана әуежайына жиналған, деп хабарлайды Taulik.kz.
Бүгін, 27 қарашада Елорда көшелерінде, оң және сол жағалаудағы электронды билбордтарда Ресейдің мемлекеттік туы ілінген. Әр түрлі ракурста түсірілген көршілес мемлекеттің байрағының суреттерін тұрғындар әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр. Мәңгілік ел даңғылы бойында Қазақстан мен Ресей мемлекетінің тулары алма-кезек ілінген.
Дәл осындай дайындықтың себебін белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішев Telegram желісіндегі ресми арнасында түсіндірді. Оның айтуынша,д ипломатиялық қарым-қатынаста жоғары мәртебелі тұлғаларға "Сіздің мәртебеңіз" деп үн қату халықаралық дәстүрге айналған стандартты хаттама. Ағылшын тілінде бұл "Your Excellency" деп аталып, түрлі ресми кездесулер мен шараларда жиі қолданылады.
"Бұл формалды сыпайылық жоғары лауазымды шетелдік өкілдерге құрмет көрсетудің белгісі болып табылады. Әсіресе, мемлекеттік сапарлар кезінде протоколға сәйкес осыған ұқсас ресми тіл қолданылады.
Хаттама ережелеріне сәйкес, сапарлардың деңгейлері де әртүрлі болып жіктеледі: арнайы шараға арналған делегацияның келуі, транзиттік сапар, бейресми сапар, жұмыс сапары және ресми сапар. Олардың ішінде ең жоғарысы – мемлекеттік сапар, ол белгілі бір елге президенттік мерзім ішінде тек бір рет жасалады. Мұндай сапарлар кезінде қабылдаушы тарап тарапынан ерекше қонақжайлылық көрсетіліп, "Сіздің мәртебеңіз" сияқты ресми түрде амандасу міндетті түрде қолданылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та басқа елдерге мемлекеттік сапар жасаған кезде осындай ресми протоколдарға сай құрметпен қарсы алынады. Әрине, бұл хаттамалар әр елдің қарым-қатынас деңгейіне, мемлекеттік дәстүрлеріне және ұлттық ерекшеліктеріне байланысты аздап өзгеруі мүмкін. Бірақ жалпы алғанда, бұл дипломатиялық әдептің маңызды бір бөлігі саналады", - деп жазды Ғазиз Әбішев.