Тізерлеген Путин, полициядан қашқан Трамп: жасанды интеллект салдары
Әлеуметтік желілерде саясаткерлердің жалған мәлімдемелері мен қоғамдық наразылық тудыратын фейк-ақпараттардың таралуы жиілеп кетті. Бұл технологиялар жалған ақпаратты шынайы етіп көрсетуге жол ашты.
Жалған мәліметтердің таралуы қоғамдағы сенім мен тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Саяси аренадағы кез келген ақпарат белгілі бір топтардың мүддесіне қызмет етіп, қоғамдық пікірді манипуляциялауға және ақпараттық хаос туғызуға себеп болуы мүмкін. Taulik.kz жасанды интеллект арқылы жасалған жалған ақпарат легін ұсынады.
Дональд Трамп пен афроамерикалықтар
Биыл өткен АҚШ-тағы кезекті президент сайлауы алдында желіде түрлі фейк-ақпарат тарады. Мәселен, афроамерикалықтарды Дональд Трампқа дауыс беруге шақыру үшін оның қара нәсілділермен түскен суреті АҚШ-та қызу талқыланды. BBC жасанды интеллектпен жасалған Трампты қолдайтын қара нәсілділер бейнеленген ондаған сурет анықтады. Республикалық партияның атынан шығатын Трамп сайлау алдында афроамерикалықтармен кездесіп жүргені туралы ақпарат халық назарынан тыс қалған жоқ. Дональд Трамптың сайлауалды үгіт-насихат жүргізетін ұйымы бұл суреттердің сайлауға қатысты емес екенін айтқан.
Black Voters Matter атты қара нәсілділерді дауыс беруге шақыратын ұйымның негізін қалаушы Клифф Олбрайттың айтуынша, мұндай суреттер - Трамптың афроамерикалықтар арасындағы танымалдығын көрсету үшін жасалған манипуляциялық стратегия.
Пентагондағы жарылыс
Былтыр мамыр айында кейбір ресейлік басылымдар мен Telegram арналар Пентагон ғимаратының жанында қою қара түтіннің суреті мен онда жарылыс болғаны туралы хабар тарады. CNN-нің зерттеуі бойынша, бұл - нейрожүйе арқылы жасалған сурет. Әскери ведомствода ақпаратты жоққа шығарған, алайда бұл ақпарат қор нарығының қысқа мерзімді құлдырауына әкеліп соқты. Бастапқыда бұл сурет америкалық консервативті парақшаларда тарай бастады. Содан кейін хабарды ресейлік тілшілер мен 1,5 млн. оқырманы бар Telegram арналар бөлісе бастады. Шамамен 20 минуттан кейін тәуелсіз журналистер мен БАҚ бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
Полициядан қашқан Трамп
2023 наурызында Дональд Трамптың полициядан қашып, тұтқындалған фотосуреттері тарады. Жалған суреттер бір-екі күнде 5 миллионға жуық қаралым жинап, қызу талқыға түсті. Нейрожүйелер арқылы жасалған жалған бейнелер көпшілікті алдау немесе саясаткердің беделіне нұқсан келтіру үшін қолданылады. Суреттердің жалған екені анықталғаннан кейін желі қолданушылары жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерге арнайы белгі қоюды ұсынды. Нейрондық желі арқылы жасалған суреттердің таралуына байланысты Нью-Йорк полициясы Трамптың тұтқындалмағаны туралы ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Путиннің сыйластығы
Владимир Путиннің Қытай басшысы Си Цзиньпинмен өткен кездесуі де жасанды интеллекттің қатысуынсыз болған жоқ. Twitter-де мемлекет басшыларының келіссөз жүргізгенде жасалған суреттері негізінде жалған бейнелер тарай бастады. Мәселен, жалған суретте Путин тізерлеп, алғыс білдіру үшін Қытай басшысының қолын сүйіп жатыр.
Мұндай эксклюзив БАҚ өкілдерінің де, әлеуметтік желі пайдаланушыларының да назарынан тыс қалмады. Біреулер суретті шынайылығына күмән танытпай, достарымен бөліссе, енді бірі оның жасанды элементтерін байқаған. Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуінде жасалған ресми бейнелері мен желіде тараған жалған суреттеріндегі бөлмелердің жиһаздары әртүрлі.
Израиль мен Палестина қақтығысы
ХАМАС тобының Израильмен соғысы жасанды интеллекттің дамыған кезінде басталды. Аудиторияның наразылығын немесе аяушылығын тудыратын контент көптеп тарап жатыр. Еуропалық цифрлық медиа обсерваториясының маманы Томмазо Канетта Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс кезінде жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерді екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – аяушылық тудыратын бейбіт тұрғындардың қайғы-қасіреті бейнеленген суреттер. Оған желіні шулатқан жарылыс кезінде бес баласы мен әкесі бейнеленген суретті жатқызамыз. Суретте түрлі анатомиялық қателер мен сәйкессіздіктер байқалады.
Екіншісі, Палестинаға немесе Израильге қолдау көрсетуді асыра сілтеп, патриоттық сезім оятатын суреттер. Оған мысал - Израиль туын желбіретіп, жарылыстан кейінгі көшеде кетіп бар жатқан сарбаздардың суреті. Суретте Израиль туының тым көптігі және анықтығы күдік тудырады. Ал сарбаздар жүріп бара жатқан жол таза әрі тегіс. Мұндай «мінсіз» бейнелер жасанды интеллектке тән.
Жалған материалдар қақтығыстардың, дағдарыстар мен көтерілістердің көзіне айналуы мүмкін. Мұндай ақпарат мемлекет басшылары мен саясаткерлердің имиджіне нұқсан келтіріп, дипломатиялық қарым-қатынастардың бұзылуына әкеледі. Сондықтан жасанды интеллекттің дамуы тек технологиялық емес, сонымен бірге әлеуметтік және құқықтық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.