Жаңалықтар

Колумбия: кокаинды тәркілеу бойынша әлемдік рекорд орнатылды

Колумбия алты аптаға созылған «Орион» операциясы барысында 225 тонна кокаин тәркілеп, әлемдік рекорд орнатты.

Бұл ауқымды операцияға Колумбияның құқық қорғау органдары 62 елден келген әріптесерімен бірлесіп қатысты. Нәтижесінде алты теңіз кемесі тоқтатылып, кокаин тасымалдаған суасты қайығы анықталды. Ол Австралияға есірткі тасымалдаудың жаңа бағыты бойынша жүріп бара жатқан еді. Бұл туралы Taulik.kz  EuroNews порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Операция барысында тек кокаин ғана емес, 1000 тоннадан астам анаша және қару-жарақ та тәркіленді. Сонымен қатар, есірткі саудасына қатысы бар 400-ден астам адам тұтқындалды.

Колумбия президенті Густаво Петро бұл ел тарихындағы транзиттік кокаинді ең ірі тәркілеу болуы мүмкін екенін атап өтті.

Есірткі картелінің Австралия нарығына қызығушылығының себебі - кокаиннің жоғары бағасы. Бұл елде бір килограмм кокаиннің құны - 240 мың доллар. Ал АҚШ-та оның бағасы алты есе арзан.

Операция қатысушыларының бағалауынша, тәркіленген жүктің есірткі бизнесіне тигізген экономикалық шығыны кемінде 8,4 миллиард доллар.

БҰҰ мәліметінше, әлемде жыл сайын шамамен 2700 тонна кокаин өндіріледі, сондықтан қысқа уақыт ішінде 225 тоннаның тәркіленуі есірткі саудасымен күрестегі елеулі жетістік болып табылады.