Реформалар туралы айтқан Трамп уәдесінде тұра ала ма?
Екі жылға жалғасқан саяси науқан кезінде Дональд Трамп реформалар туралы көп айтты. Әсіресе, ол миграция, экономика, энергетика және сыртқы саясатқа қатысты ұсыныстарын көбірек түсіндірді.
АҚШ-та қараша айының басында өткен президент сайлауында республикалық Дональд Трамп қарсыласы демократ Камала Харристі жеңіп, 4 жыл үзілістен кейін саяси постқа қайта оралды. Трамп 312 делегаттың дауысын жинаса, Харрис 226-на ие болды. АҚШ-тың Федералды сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, Трампқа 74,6 миллион, Харриске 71 миллионға жуық адам қолдау көрсеткен.
Сайлауда жеңіске жеткен Трамптың саяси жоспары қандай және ол қолдаушыларына нені реформалауға уәде берді? Кейінгі төрт жылда көздеген мақсаттарын жүзеге асыра ала ма? Осы және өзге де АҚШ саясатындағы өзгерістерге шолу жасап көрсек.
Дональд Трамп сайлауда шешуші рөл атқарған құбылмалы штаттардың бәрінде жеңді. 2020 жылы Байденге есе жіберіп алған Пенсильвания, Мичиган, Висконсин және Аризона штаттарында бұл жолы басымдық танытты.
Сарапшылар Харристің жеңілісінде оның жынысы мен нәсілі ғана емес, сонымен қатар сайлаушылардың үмітінің ақталмауы да маңызды фактор болғанын айтады. Камала Харрис вице-президент ретінде халықтың сеніміне ие болып, Байденнің беделінен алыстай алмады. Экономикалық қиындықтар кезінде Харрис өзгерістер енгізетін көшбасшы ретінде көзге түсе алмады.
Байден шілдеде сайлаудан бас тартқаннан кейін, Камала Харрис Демократиялық партияның негізгі үміткері болып бекітілген еді. Ол праймериз кезеңінен өтпей, жарысқа кеш түсті. Десе де, аз уақытта көптің қолдауын тауып, әйелдер құқығын қорғауды, жұмысшы табының жағдайын жақсартуды, миллиондаған америкалықтың баспана мәселесін шешуді басты мақсат еткенін алға тартты.
Ол прокурорлық тәжірибесіне сүйеніп, Трампқа қарсы айыптарды нақты дәлелдермен негіздемек болды. Дегенмен, оның командасы Байденнің “Трамп демократияға қауіп төндіреді” деген негізгі ұстанымынан бас тартып, орта таптың әл-ауқатын қорғау сияқты көзқарасты алға шығарды. Бірақ уақыт өте келе, Харрис стратегиясын өзгертіп, Дональд Трамптың билікке қайта келу қауіпін басты тақырыпқа айналдырады. Ол бұрынғы президентті “фашист” деп атап, оның риторикасынан шаршаған республикалықтарды өз жағына тартуға тырысты.
“Камала Харрис бұл сайлауда сәтсіздікке ұшырады, себебі ол науқан кезінде бар күшін Дональд Трампқа қарсы сынға бағыттады”, – деді республикалық сарапшы Фрэнк Лунц.
Қазір постта отырған АҚШ президенті мен вице-президентінің өкілеттігі 20 қаңтарда аяқталады. Сол күні жаңа президентті салтанатты ұлықтау рәсімі өтеді. АҚШ-тың жаңа вице-президенті ретінде Огайо штатының сенаторы Джей Ди Вэнс сайланады. Вэнс саясатқа дейін жазушы және кәсіпкер болған.
Ол кейінгі 8 жылда республикалық партияның белсенді мүшесі ретінде танылды. Бастапқыда ол Трамптың саясатын құптамай, оны ашық сынаған жас саясаткерлердің бірі болды. Бірақ кейін ойын өзгертіп, сайлау күні Трамптың жеңісін “тарихтағы ең үлкен саяси қайта оралу” деп сипаттады.
Сайлауда Трамп жеңіске жеткеннен кейін оған қарсы қозғалған істерді тергеу тоқтатылатыны белгілі болды. The Guardian басылымының жазуынша, АҚШ бас прокуратурасының ережесіне сәйкес, Дональд Трамп президенттік қызметін бастағаннан кейін олар тергеуді жалғастыра алмайды. Ал қазір тергеліп жатқан істер келесі жылдың 20 қаңтарына дейін аяқталмайтыны белгілі болып отыр.
Десе де, жалпыұлттық сайлауға дейін Дональд Трамп бір қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылды. Іс оның бизнес шығындарындағы заңсыз әрекеттерге қатысты болған. Нақтырақ айтсақ, Трамптың адвокаты Майкл Коэн президенттікке үміткермен жыныстық қатынасқа түскенін айтқан Сторми Дэниелс есімді азаматқа бұны жария етпеуі үшін 130 000 доллар төлеген.
Кейін Трамп адвокатына сол қаражатты жіберіп, оны декларацияда заң қызметі үшін деп көрсетеді. Нью-Йорктегі Манхэттен соты Трамптың бұл әрекетін заңсыз деп бағалап, мамыр айында оны 34 кейс бойынша айыпты деп таныды. Бірақ қылмыстық іске қатысты жаза әлі жария етілмеді. Дональд Трамп мұны жоққа шығарып, саяси белсенділігі үшін қысым көріп жатқанын айтқан.
Трамптың уәделері
Екі жылға жалғасқан саяси науқан кезінде Дональд Трамп реформалар туралы көп айтты. Әсіресе, ол миграция, экономика, энергетика және сыртқы саясатқа қатысты ұсыныстарын көбірек түсіндірді.
Оның вице-президенті Джей Ди Вэнстің сөзінше, Трамптың Украина бойынша бейбітшілік шарты былай жүзеге асырылады: Ресей жаулап алған жерлерін сақтап қалады, ал қазіргі майдан сызығы бойында демилитаризацияланған аймақ құрылып, Украина әскери тұрғыдан күшейтіледі. Вэнс бұл шарттардың мақсаты – болашақта Ресейдің көрші елге тағы басып кіру әрекетін болдырмау деп түсіндіреді.
АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Виктория Нуландтың ойынша, Вэнстің жоспары Путиннің соғысты тоқтату үшін жасаған ұсынысына ұқсайды.
“Бұл негізінен, ақпан айында жасалған ұсыныс. Неліктен? Себебі бұл Путинге керемет сыйлық”, – деді Нуланд.
Трамп шешуге уәде еткен мәселелердің қатарында мигранттарды жаппай депортациялау бар. Сайлау науқаны кезінде ол АҚШ президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап елде заңсыз мигранттарды депортациялау мақсатында ауқымды операция бастайтынын мәлімдеді.
Ол иммиграциялық полиция мен федералды құқық қорғау органдарының арнайы топтарын заңсыз мигранттарды ұстап, елден шығаруға жұмылдыруды жоспарлап отыр. Егер депортацияланған мигрант елге тағы заңсыз кірсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұл шараларды Трамп 1798 жылғы “Шетелдік жаулар туралы” заң негізінде жүзеге асыратынын айтқан.
“Америкалықтар Трамп президенттік қызметке қайта оралған сәтте оның бұрынғы саясатын қалпына келтіріп, әлемдегі барлық қылмыстық контрабандистерді таңдандыратын жаңа қатаң шаралар енгізетінін және елдегі федералды әрі мемлекеттік билікті пайдалана отырып, АҚШ тарихындағы ең ірі депортациялау операциясын бастайтынын күтуі керек”, – деді жыл басында Трамп кампаниясының баспасөз хатшысы Кэролин Ливитт.
Демократиялықтар басым штаттардың бас прокурорлары Дональд Трамптың заңсыз иммигранттарды депортациялау жоспарына тосқауыл қою үшін бірнеше сот шағымын дайындап жатыр. Олар Трамптың Ұлттық гвардияны өз мақсатына пайдалануына қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді.
“Егер ол АҚШ тарихындағы ең ауқымды депортацияны жүзеге асырғысы келсе, ол заңды түрде елде жүрген адамдарды, тіпті кейбір америкалық азаматтарды да нысанға алуға мәжбүр болады”, – дейді Нью-Джерси штатының бас прокуроры Мэтью Платкин.
Қыркүйекте өткен президент дебатында Дональд Трамп абортқа жалпыұлттық шектеу қоймайтынын мәлімдеген. Десе де, ол бұрын Ақ үйде болған кезде ұсынған жоғары судьялары 2022 жылы содан 50 жыл бұрын шешімі шыққан Roe v. Wade конституциялық құқықты жоққа шығарды. Яғни, жоғарғы сот абортты конституциялық құқық шеңберінен шығарып, мәселе бойынша әр штат өзі ереже шығаруға тиіс деп шешті.
Трамп абортқа қатысты кейінгі төрт жылда нені өзгертуге тырысатынын туралы ашық айтпай жүр. Дегенмен, сарапшылар ол тағайындайтын азаматтар федералды деңгейде аборт құқығына жаңа шектеулер бекітуі мүмкін дейді.
Миссури штатында Дональд Трампты қолдайтындар көп болғанымен, азаматтар абортқа қарсы заңдардың күшін жоя алды. Нақтырақ айтқанда, дауыс берушілер штаттағы абортқа арналған қатаң шектеулерді жоюға мүмкіндік беретін түзетуді қолдады.
Ал Аризона штатында 60%-дан астам адам 24 аптаға дейін аборт жасау құқығын қорғауды қарастыратын түзетуді қабылдады. Бұған дейін штаттағы шектеу 15 аптаға дейін болған. Флоридада осыған ұқсас ұсынысқа халықтың 57 пайызы қарсы пікір танытып, қабылданбады.
Сарапшылар биылғы сайлауда экономика мәселелері басты назарда болды дейді. Мысалы, америкалық CBS арнасының мәлімдеуінше, сайлауда ең шешуші рөл атқарған Пенсильвания штатында дәстүрлі түрде демократтарға дауыс берген округтер биыл Трампты қолдаған. Себебі олар табысы азайып, инфляция өсіп кеткенін алға тартады.
Трамптың жаңа әкімшілігі
Трамп ереже бойынша, өзінің вице-президенті мен 15 департамент басшысын және агенттіктерге жетекшілік ететін азаматтарды тағайындайды. Бірақ ұсынылған кандидаттар бірден іске кірісе алмайды. Оларды алдымен Конгресс мақұлдауы керек. Сондай-ақ, ол өз аппарат басшысы мен ондағы жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындайды.
Трамп сайлауда жеңгеннен бері бірқатар азаматтарды ұсынып үлгерді. Мысалы, Флорида штатының сенаторы Марко Рубионы мемлекеттік хатшы қызметіне, Роберт Кеннеди кішіні денсаулық сақтау департаментіне, Пэм Бонди есімді өзінің бұрынғы адвокатын бас прокурор етсе, алпауыт хедж фондты басқарған Скотт Бессентті қаржы министрі болатынын мәлімдеді.
Одан бөлек, ол қорғаныс, ішкі қауіпсіздік, еңбек, табиғи ресурстарды қорғау, агромәдениет, коммерция, энергетика, білім беру департаменттеріне өз кандидаттарын ұсынып үлгерді.
2016 жылғы президент сайлауында республикалық партиядан Трампқа сайлауда қарсылас болған Марко Рубио кейін оның жақтасына айналды. Ол әсіресе, Трамптың сыртқы саясаттағы көзқарастарын қолдайтынын білдірген. Сарапшылар сол үшін де Рубио мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынылды дейді.
Марко Рубио қызметін бастаса алдымен Украина мәселесін шешуге кірісетінін білдірген. Ол соғысты аяқтау үшін Путиннің жақтаушысы болу міндетті емес деген.
Марко Рубио Қытайға қатысты қатаң ұстанымымен де көзге түскен. Ол АҚШ-тың шығыстағы екінші экономикаға қатысты саясатын қайта қарастыруды алға тартады. Рубио АҚШ-тың экономикалық мүдделерін қорғау керегін айтып, Қытайдың әскери және экономикалық өрлеуіне қатысты алаңдаушылық білдірген.
Дональд Трамп келесі жылы Сьюзи Саммерал Уайлс Ақ үй аппаратының басшысы қызметін атқаратынын хабарлады. Уайлс Трамптың сайлауалды кампаниясын басқарған тәжірибелі маман ретінде танылған.
“Сьюзидің АҚШ тарихында аппарат басшысы болатын алғашқы әйел атануы – лайықты құрмет. Оның бұл қызметте елімізді мақтан тұтатындай деңгейге жеткізетініне күмәнім жоқ”, – деді Трамп.
Трамп бас прокурор қызметіне Флоридадан шыққан республикадық МэттГейцті тағайындауды жоспарлаған. Гейц Трамптың ашық қолдаған ультра-оңшыл саясаткер. Кейінгі екі жылда оның аты бірнеше даулы мәселелерге байланысты аталды. Гейцтің жеке өмірі мен кәсіби әрекеттеріне қатысты тергеу процесі жүргізіліп, кейбір Конгресстегі кейбір республикалық заң шығарушылар оның бас прокурорлыққа ұсынысын қолдамаған.
Трамптың айтуынша, Гейц ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шекараларды нығайтуға, қылмыстық топтармен күресуге және әділет жүйесіне деген халықтың сенімін қайта қалпына келтіруге басымдық береді.
Дегенмен, Конгресстегі өкілдер палатасының этика комитеті 2021 жылы басталған конгрессмен Мэтт Гетцке қатысты тергеу туралы ақпаратжариялады.
Тергеу жыныстық құқық бұзушылық, сыбайлас жемқорлық, есірткі қолдану, сайлау қаражатына сыйлықтар алу секілді айыптар тағылды. Комитет куәгерлерден жауап алып, құжаттарды зерттеп, шақыртулар жіберді. Кейбір айыптаулар жоққа шығарылды, ал басқалары әлі қаралып жатыр.
Мэтт Гейц Конгресстегі кей республикалықтардың мақұлдауынан өтпегеннен кейін бас прокурор ұсынысынан өзі кетті. Оған қарсы айыптаулар 2017 жылы болған бір оқиғаға негізделген. Куәгер әйелдің айтуынша, ол Гетцпен бір кешке қатысып, сол уақытта конгрессмен жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түскенін көрген. Әйелдің адвокаты кейін тағы бір куәгердің Гейцке бұл әрекеті үшін ақша төлегенін мәлімдеді.
Трамп кейін Пэм Бонди есімді өзінің Флоридадағы бұрынғы адвокатын бас прокурор қызметіне ұсынды. Құқық қорғау саласында үлкен тәжірибесі бар Бонди бұған дейін Флорида штатының бас прокуроры болды. 59 жастағы заңгер Трамптың сенімді серіктесі және Сенаттағы бірінші импичмент процесінде оны қорғаушысы болған еді.
Америкалық қоғамда көп талқыға түскен тағы бір Трамптың ұсынысы Fox News телеарнасының танымал жүргізушісі Пит Хегсет болды. Трамп оны қорғаныс министрлігін басқаруға ұсынды. Ол Ұлттық гвардияда қызмет етіп, Ауғанстанда әскери қызметте болғаны болмаса, одан өзге әскери лауазымда қызмет етпеген.
Кей сарапшылар Хегсеттің бюрократиялық элеменеттері көп қорғаныс министрлігін басқаруға шамасы келетініне күмәнмен қарайды. Америкалық басылымдар Трамптың бұл ұсынысына Пентагондағы жоғары шенді генералдар да аң-таң болғанын жазды. Жылдық бюджеті 900 миллиард долларды құрайтын мемлекеттік органды Хегсет басқару не басқармауы Конгресстегі жиыннан кейін белгілі болады.
Вакциналарға қатысты күмәнімен танымал кіші Роберт Ф.Кеннеди Денсаулық сақтау және әлеуемттік қызметтер министрі болуы мүмкін. Бұл министрлік денсаулық сақтау саласындағы маңызды мекемелерді, соның ішінде ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарын, тамақ және дәрі-дәрмек басқармасын, сондай-ақ Medicare және Medicaid қызметтерін басқаруға жауапты.
“Біз бірге сыбайлас жемқорлықты жоямыз, өнеркәсін пен үкімет арасындағы айналмалы есікті тоқтатамыз және біздің медициналық мекемелерімізді ғылыми деректерге негізделген алтын стандартқа сүйенген бай дәстүріне қайтарамыз”, – деп жазады ол X парақшасында.
Роберт Ф.Кеннеди вакцинацияға қарсы белсенді ретінде танымал болды және америкалық қоғамда танымал болған әйгілі “Балалар денсаулығын қорғау” антиваксерлік ұйымын құрды. Ұйым коммерциялық емес ұйым вакцинацияға және басқа да қоғамдық денсаулық шараларына, суды фторлауға қарсы науқандар жүргізді. Медицина саласының мамандары Кеннеди кандидатурасының денсаулық сақтау саласында ақпараттық бұрмалаушылықтың артуына себеп болуы мүмкін деп алаңдайды. Кеннеди балаларға арналған вакциналардың аутизмге себеп болады деп мәлімдеген, бірақ бұл пікір зерттеулермен және кейінгі жоғары сапалы ғылыми жұмыстармен теріске шығарылған.
Дональд Трамп миллиардер Илон Маск пен президенттікке бұрынғы кандидат және оның одақтасы Вивек Рамасвами жаңа құрылымның басшылары деп жариялады. Құрылым “Үкіметтің тиімділігін арттыру департаменті” деп аталады. Трамптың сөзінше, бұл екеуі мемлекеттік аппаратты жеңілдету, артық ережелер мен шығындарды қысқарту және федералды агенттіктерді қайта құрылымдау бойынша жұмыс істеуге кіріседі. Трамп жаңа департаменттің қаржыландырылуы туралы ақпарат бермеді.
Маск X парақшасында жаңа департаменттің басты қағидасы – қоғам алдындағы ашықтық екенін айтты.
“Үкіметтің тиімділігін арттыру департаменті өз қызметін толық ашықтықпен қамтамасыз етіп, барлық әрекеттерін ғаламторға жариялап отырады. Егер халық біз маңызды нәрсені қысқартып немесе керісінше, қажетсіз шығындарды азайтпай жатырмыз деп есептесе, бізге бұл туралы хабарласа жеткілікті”, – деп жазды ол.
Қазіргі уақытта Маск X, Tesla және SpaceX және өзге бірнеше компанияға иелік етеді. Оның жаңа лауазымы мемлекеттік қызметкер мәртебесін қажет етпейді, бұл оған өз бизнес-империясынан бас тартпауға мүмкіндік береді.
Ауқатты кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметке тағайындалуын сынаған саясаткерлер де болды. Демократтар мұнда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін дейді. Себебі Маск басқаратын компанияларға атқарушы билік тарапынан бірқатар тексеру жұмыстары мен тергеу амалдары жүзеге асырылып жатыр. Егер Маск сол мемлекеттік институттардың үстінен бақылау жүргізетін билікті иемденсе, ол бұл күшін өз мүддесіне де пайдаланбауына ешкім кепілдік бере алмайды, дейді сыншылар.
2025 жылы президенттік қызметіне кірісетін Дональд Трамп федералды бюджеттегі 2 триллион долларлық тапшылықпен бетпе-бет келеді. Шектен тыс шығындардың инфляцияға әсерін ескере отырып, Трамп әкімшілігі бюджетті қысқарту жолдарын іздеуге мәжбүр. Алайда Трамптың салықтарды азайту және әскери шығындарды арттыру жоспары бұл міндетті одан әрі қиындатады.
Трамп Қытаймен бәсекелестікті “әлемдік тәртіпті өзгертетін жарыс” деп сипаттайды. Оның сөзінше, энергияның қолжетімділігі АҚШ-тың жасанды интеллект саласындағы жетістігінің негізгі факторы болмақ. Сонымен қатар, Трамп пен Кремний алқабының технологиялық компанияларымен қарым-қатынасы шиеленесіп тұр. Ол бұл компанияларды консерваторларға қарсы көзқарасы үшін сынға алады. Дегенмен, Трамп АҚШ-тың технология саласындағы көшбасшылығын сақтап қалуға ниетті.
Мақала авторы: Луиза Алиасқарова