Медицинадағы жасанды интеллект: ауруды емдейтін роботтар
Жасанды интеллект күрделі тапсырмаларды орындай алады. Ол патологияларды автоматты түрде анықтайды, диагноз қою процесін жеделдетеді, науқастың жағдайын бағалап, қадағалайды, жеке емдеу бағдарламасын тағайындайды, дәрі-дәрмек таңдауға көмектеседі, клиникалық зерттеулерді оңтайландырады.
Taulik.kz жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін құрылғылардың медицинаның әртүрлі саласында қолданылу мысалдарын ұсынады.
Фармацевтика және фармакология
Жасанды интеллект фармацевтика мен фармакология саласында жаңа дәрілік молекулаларды іздеу және болжау үшін қолданылады. ЖИ үлкен деректер базасын талдап, молекулалық құрылымдарды анықтайды. Бұл зерттеулер мен клиникалық сынақтардың мерзімін қысқартып, жаңа дәрілерді нарыққа жылдамырақ шығаруға мүмкіндік береді. Мысалы, Atomwise компаниясы терең оқыту технологияларын пайдаланып, жаңа молекулаларды талдайды және тиімді дәрі-дәрмектерді жылдам әзірлеуге көмектеседі.
Онкология
Онкологияда уақтылы диагноз қою – науқас өмірін сақтап қалудың маңызды факторы. Жасанды интеллект технологиялары диагноздың дәлдігін арттырады. Мысал ретінде 2018 жылдың күзінде Сеул ұлттық университетінің ауруханасы мен Медициналық колледжінің зерттеушілері DLAD алгоритмін әзірледі. Бұл алгоритм кеуде қуысының рентгенограммаларын талдау және қатерлі ісік сияқты жасуша аномалияларын анықтау үшін жасалды.
Генетика
Google компаниясы генетикалық ақпаратты талдауға арналған DeepVariant құралын әзірледі. Генетикалық ақпаратты талдау және тіпті кішігірім мутацияларды анықтау өте маңызды, өйткені бұл геномның толық көрінісін жасауға көмектеседі.
Психотерапия және психиатрия
Кейде адамдар өздерінің психикалық денсаулығына қатысты мәселелерді шешу үшін виртуалды көмекшіге жүгінеді. Себебі олар өздерінің жеке мәселелерін тірі адамнан гөрі виртуалды көмекшіге айтқанды жөн көреді. Мысалы, Карим, Элли, Nema, Эмма, Quartet Health секілді чат-бот психотерапевттері адамға психологиялық мәселелермен күресуге көмектеседі, ауруды диагностикалап, жеке емдеу бағдарламасын ұсынады. Элли жасанды психотерапевті - посттравматикалық стресстік бұзылыс және депрессиямен ауыратын адамдарды емдеу үшін әзірленген құрал. Ол адамның дауыс ырғағын талдайды, ал камера мимиканы егжей-тегжейлі бақылайды.