LRT пойыздары Астанаға қашан әкелінеді: қала әкімі жауап берді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәслихаттың сәрсенбідегі отырысында LRT құрылысының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар жайлы ақпарат берді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Оның айтуынша, алғашқы пойыздар елордаға 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында жеткізілмек.
Биыл LRT жобасының эстакада бөлігі толық аяқталған. Ал келесі жылы құрылыс толығымен аяқталуы тиіс. Қазір жаңа теміржол вокзалы ауданында рельс-тіреу конструкцияларының алғашқы шақырымдары төселген. Жұмыстар қыста да тоқтатылмайды.
"Алғашқы пойыздар 2025 жылдың күзінде келеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл елордадағы маңызды жобалардың бірі," – деді Жеңіс Қасымбек.
Өткен аптада LRT жолының 500 метрлік бөлігі сынақ ретінде төселген болатын. CTS компаниясының өкілдері бұл тәжірибе арқылы рельс жолының қысқы ауа райына төзімділігін тексеруді көздегендерін айтты.
"Сынақ нәтижелері LRT жолының сапасын бағалауға және оны әрі қарай дамытуға көмектеседі," – деді компания өкілдері.