Жаңалықтар

Қыз алып қашқандардың жазасы күшейеді

Бұл туралы Мемлекет басшысына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жеткізді, деп хабарлайды Taulik.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорда жариялаған ақпаратқа сәйкес, Президенттің Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау аясында депутаттар қалыңдық ұрлау ісіне қатысты жазаны қатаңдату бойынша заңға түзетулер әзірлеп жатыр.

Қазіргі уақытта Парламентте 71 заң жобасы қаралып жатыр. Депутаттар Салық, Су, Құрылыс және Цифрлық кодекстермен, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие және пошта саласындағы заң жобаларымен жұмыс жүргізуде.

Еске салсақ, 15 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қызалып қашу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

"Елімізде ұлттық дәстүрлерді желеу етіп, қалыңдық ұрлау тәжірибесін енгізуге тырысып жүргендер бар. Мұндай жабайы әрекеттер ешқандай ақтауға келмейді және адамның ар-намысы, құқықтары мен бостандықтарын абсолюттік құндылықтар деп санайтын прогрессивті қоғамның идеалдарына қайшы келеді. Бұл сияқты фактілер тек моральдық айыптауға ғана емес, сонымен қатар құқықтық бағаға да лайық деп санаймын", – деп атап өтті Президент Тоқаев.