"Соңына дейін күресемін": Оңтүстік Корея президенті алған бетінен қайтпады
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль өткен аптада енгізілген әскери режимге қатысты өз ұстанымын жариялап, оны "ұлтты қорғау және мемлекет тұрақтылығын қалпына келтіру үшін қабылданған дұрыс шешім" деп мәлімдеді. Бұл туралы Taulik.kz тілшісі BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Юн Сок Ёльдің айтуынша, үкімет жұмысын тоқтатуға әрекет еткен оппозицияға қарсы қабылданған әскери режим "елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара" болған. Президент өз қызметінен кетуден бас тартып, соңына дейін күресетінін айтты. Сондай-ақ, ол оппозицияны "импичментті саяси мақсатқа пайдалануға тырысуда" деп айыптады.
"Маған импичмент жарияланған күннің өзінде, мен оған әділ әрі заңды түрде қарсы тұрамын," – деді ол.
Бұл мәлімдемені Yonhap агенттігі жариялады.
Бұған дейін билік басындағы "Халық күші" партиясының жетекшісі Хан Дон Хун президентке қарсы импичментті қолдайтынын мәлімдеген еді. Ол оппозицияның бұған дейінгі әрекеттеріне қарсы болғанымен, қазіргі жағдайда импичменттің қажеттігін атап өтті.
"Депутаттардың келесі отырысында біз әділ дауыс беріп, бұл мәселеге нүкте қоюымыз керек," – деді саясаткер.
Өткен сенбіде оппозиция президентке импичмент жариялау әрекетін жүзеге асыра алмады. Ал Хан Дон Хун бұл мәселеде "басқа жол жоқ" деп мәлімдеді.
Оңтүстік Корея президентіне елден шығуға тыйым салынғанын айта кету керек. Сонымен қатар, сәрсенбі күні полиция президент кеңсесін тінтуге әрекет жасағанымен, күзет оларға рұқсат бермеген. Кейін президент кеңсесі шектеулі көлемдегі құжаттарды өз еркімен тапсырғанын хабарлады.