Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды – адвокат
Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Каржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы адвокат Асқар Қаймақов мәлімдеді, деп Taulik.kz тілшісі Kaztag.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Талғар ісіне қатысты бірнеше мәлімдеме жасауды қажет деп санаймын. Біздің өкілдер полициядан Каржаубайды ұстауды сұрамады, бұл туралы полицейлер айтқан еді. Туыстары марқұм Нұрқанаттың жеке хат-хабарларын жариялауға келісім берген жоқ. Каржаубай Нұрымовқа қатысты соттың 15 тәулікке қамау туралы шешімі заңсыз деп есептейміз (сот барысында өрескел бұзушылықтар орын алған) және бұл шешімді апелляциялық тәртіпте шағымдандық. Бүгін Каржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР ҚК 202-бабы (Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын полиция хабарлады», – деп жазды адвокат Асқар Қаймақов бейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін КазТАГ хабарлағандай, қатыгездікпен өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Каржаубай Нұрымов БАҚ өкілдерімен кездесу өткізуді талап етті. Қоғам белсендісі Дінмұхамед Қаматайдың айтуынша, жасөспірімнің әкесі ұлы мен бауырының өліміне қатысты істің адал тергелуін талап етуде.
Еске сала кетейік, жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі 4 қазанға қараған түні орын алған болатын. Алғашында полиция барлық қатысушылар ұсталғанын мәлімдеді, алайда кейіннен марқұмның ата-анасы оқиғаға қатысы бар барлық адамдардың ұсталған жоқ екенін хабарлады.