Ләззат Асановаға "Халық қаһарманы" атағын беретін уақыт келді – депутат
Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Желтоқсан көтерілісінде көз жұмған қазақтың батыр қызы Ляззат Асановаға "Халық қаһарманы" атағын беру туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Taulik.kz.
Депутаттың пікірінше, Ляззат Асанова бұл атаққа көптен лайық, ал оның анасы Алтынай Асанованың бұл мәселені көтергенімен, шешімнің қабылданбай қалғаны өкінішті жайт. Сонымен қатар, бұл ұсыныстың жүзеге асуы болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие ретінде қызмет етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен елін құрметтеудің үлгісін көрсететінін айтады.
"Рамазан айы мұсылман әлеміне қаншалықты қасиетті болса, күнтізбеміздегі желтоқсан айы қазақ халқы үшін соншалықты деңгейде қастерлі. Құрметті ағайын, сіздермен Тәуелсіздік күні қарсаңында көптен бері ойымда жүрген бір әңгімені бөліссем деймін.
Халық қаһарманы" деген атақ еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ерлігі үшін берілетін ең жоғарғы марапат. Егемендік алғалы бұл атақты 36 адамға табыстаппыз. Бірақ соның тек 2-і әйел кісі екен. Біріншісі Хиуаз Доспанова. Екіншісі Роза Бағланова…
Айтайын дегенім, мен 1986 жылы намыстың туын желбіретіп, кейін жұмбақ жағдайда көз жұмған Ләззат Асановаға “Халық қаһарманы” атағын беретін уақыт келді деп ойлаймын.
Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет айтылды. Ләззаттың анасы марқұм Алтынай апай да осы туралы көп айтты. Әттең, бірақ қолы жетпеді. Турасын айтсақ, қазақ халқы Ләззат Асановаға батыр деген атақты баяғыда беріп тастаған. Енді мұны құжатпен бекітіп, нүктесін қоятын кез жетті ғой деймін. Бұл мәселені аяқсыз қалдырмау тарих алдындағы бәріміздің борышымыз. Ал оны ресми түрде жариялау келешек ұрпақ үшін тәрбие-өнеге, өз елін сүйіп, құрметтеудің асқан үлгісі болар еді. Қолдайсыз ба?", – деп жазды Айдарбек Қожаназаров.