Жаңалықтар

Шырша безендіремін деп биіктен құлаған педагогтің қазіргі жағдайы қандай?

Мұғалімнің жағдайы: шыршадан құлап жарақат алған Қуат Айтқалиевке алда әлі ұзақ ем қажет

8 қаңтар күні Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев Семей қаласында шыршаны безендіру кезінде құлап, ауыр жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиевтің ауруханадан шыққанын мәлімдеді. Жарақат алған педагогтың қазіргі жағдайы туралы оның жары Сымбат Аянқызы "Қазақстан" ұлттық телеарнасының "1001 түн" бағдарламасында айтып берді.

Сымбаттың айтуынша, Қуат Айтқалиевтің денсаулығы баяу қалпына келуде. Мұғалім сөйлей алғанымен, өздігінен жүріп-тұруы қиын, оған тәулік бойы күтім қажет. "Екі айдан кейін нейрохирургтерден кеңес алады, оған дейін бақылауда болады. Нақты қандай операция жасалатыны әзірге белгісіз. Қалпына келуге әлі де уақыт керек", – деді ол.

Сымбат Аянқызы бұл мәселеге жауапты тұлғалардың әрекеттеріне байланысты сот процесінің өтуі мүмкін екенін жеткізді.

Үкіметтегі брифингте премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жарақат алған мұғалімге өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Оқу-ағарту министрі де зардап шеккен педагогтың жағдайына назар аударылғанын мәлімдеді.

Бұл оқиға қоғамда мұғалімдердің еңбегіне қатысты өзекті мәселелерді тағы да көтерді. Қуат Айтқалиевтің толық сауығып кетуі үшін қажетті жағдайлар жасалып, әділ шешімдер қабылдануы маңызды болып отыр.