Енді Kaspi-аударымдар бақылауға алынады: не нәрсені ескеру керек?
Kaspi банкінің мобильді аударымдарын бақылау тақырыбы Қазақстанда қызу талқылануда.
Осы мәселеге қатысты Қаржы министрлігінің өкілдері журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Taulik.kz хабарлайды.
Бақылау қалай жүргізіледі?
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова бақылау тәртібін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, мобильді аударымдардың сомасынан гөрі, адам саны маңызды рөл атқарады. Егер бір жеке тұлғаға үш ай бойы 100-ден астам адам аударым жасайтын болса, бұл жағдайда бақылау жүргізіледі.
Кімдер бақылауға алынбайды?
Жеке тұлғалар арасындағы аударымдар бақылауға жатпайды. Мысалы, ата-анасы балаларына немесе жақындарына ақша аударса, бұл бизнес емес деп есептеледі.
Бақылауға тек кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, бірақ оны тіркемеген тұлғалар ілінеді. Мәселен, дүкенде QR-код арқылы емес, мобильді аударым арқылы төлем қабылдағандар тексерілуі мүмкін.
Қазіргі жағдай: бақылау басталған жоқ
Құсайынованың айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жартысында кәсіпкерлік субъектілерінің 76%-ы жылдық табысын 5 млн теңгеден аз көрсеткен. Бұл күндік орташа табыс шамамен 27 мың теңгені құрайды.
"Қай дүкеннің күндік табысы осындай ғана? Бұл көрсеткіштер көлеңкелі экономиканың айғағы болуы мүмкін," – деді ол.
Сондай-ақ, 2023 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда тауарлар мен қызметтерге жасалған төлемдер көлемі 55,3 трлн теңгені, ал мобильді аударымдар көлемі 80 трлн теңгеге жуықтаған.
Жаңа ережелер және тексеру мерзімдері
Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тек белгілі бір критерийлерге сәйкес келсе ғана тексеріледі. Атап айтқанда, 100-ден астам адамнан аударым қабылдаған тұлғалардың ЖСН-і Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіледі. Бұл жағдайда келесі шаралар қабылданады:
Жеке тұлғаға камералдық бақылау жүргізілетіні туралы хабарлама жолданады.
Тұлға 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі тиіс.
Егер талап орындалмаса, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, жалпыға бірдей декларациялаудан босатылған жеке тұлғаларды тексеру 2026 жылдан бастап жүргізілмек.
Айыппұлдар қандай?
Егер жеке тұлға кәсіпкерлік қызметпен тіркелмей айналысса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады:
Бірінші рет бұзғаны үшін – 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге).
Қайталанған жағдайда – 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге).