Жаңалықтар

"Қоштасуға дайынмын": Рүстем Жаныаманов күтпеген мәлімдеме жасады

Қазақстандық танымал актер Рүстем Жаныаманов күтпеген мәлімдеме жасап, өнерден кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетінін айтты.

Актер өнер саласынан кету туралы шешімді балаларының болашағы үшін қабылдауға дайын екенін жеткізді.

"Жалықтым дегеннен Құдай сақтасын. Бірақ қазір Жанарға кәсіпке бет бұру ойымда бар екенін айтып жүрмін. Өнерден кету ойда бар және ол солай болатын сияқты. Өле-өлгенше өнерде жүрген дұрыс емес секілді. Басқа саланы көріп, өзімді сынап көргім келеді. Балалар өсіп жатыр, оларды оқыту керек. Өнерді сағынбаймын, қоштасуға дайынмын," – деді Рүстем Жаныаманов.

Актердің айтуынша, өнер саласында жұмыс істеу оңай емес. Актерлердің денсаулығына әсер ететін көптеген қиындықтары бар екенін атап өтті.

"Актерлердің проблемаларын жақсы білемін. Олардың ұйқысы дұрыс емес, сүйектері, белі ауырады. Бұл сала адамнан көп күш талап етеді. Сол себепті өмірімді өзгертуге дайындалып жүрмін. Шамамен 40 жасымда бұл саладан кетемін деп ойлаймын," – деп бөлісті ол.

Рүстем Жаныаманов отбасымен бірге әлемді аралау және кәсіпкерлікпен айналысу жоспарын құрып жүр.

"Кино түсірсек те, кадрдан тыс болғым келеді. Киноға түсіп жүре бергім келмейді. Өзіміз кітап немесе кино өндіріп шығарсақ дейміз. Бірақ негізгі жоспар – өмірімді өзгертуді бастау," – деді актер.

Өнер иесі қазіргі уақытта нақты бір салаға ауысу туралы шешім қабылдамағанымен, жаңа бағыттарды қарастырып жүргенін айтты. Бұл қадамның басты мақсаты – отбасына көбірек уақыт бөліп, балаларын лайықты түрде тәрбиелеу.