Енді елімізде туу туралы куәлікті постаматтардан алуға болады
2025 жылы Қазақстанда туу туралы куәліктерді банк постаматтары арқылы алу мүмкіндігі пайда болады.
Аталмыш қызмкет "Kaspi Bank" АҚ постаматтары арқылы жүзеге аспақ. Бұл үшін Әділет министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі бірлесіп пилоттық жобаны іске қосады. Осылайша, азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ құжат ала алады.
Жобаның аясында электрондық апостильді қолдану да дамиды. Бұл туу, қайтыс болу, некені тіркеу және бұзу туралы куәліктер мен анықтамаларға қатысты. Яғни, бір өтінішпен құжатты алып, оған электрондық апостиль қоюға болады. Мұндай қызмет 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі 2025 жылы заң көмегі саласындағы цифрландыруды жалғастыра отырып, атқарушылық жазба жасау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосады. "Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі" арқылы борышты тану және қарсылық білдіру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Нотариус атқарушылық жазбаны борышкердің тіркелген мекенжайы бойынша жасайды.
Жоғарыда аталған шаралар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.
Зере ДАСТАН,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті