Алтайдың еңбегі ме: Арал теңізіндегі су көлемі 42%-ға ұлғайды
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Солтүстік Аралды сақтау жобасының бірінші кезеңі айтарлықтай нәтиже берді.
Теңіз суының көлемі 42%-ға өсіп, 27 млрд текше метрге жетті. Судың тұздылығы төрт есеге азайып, жылдық балық аулау 8 мың тоннаға дейін артты.
Министрліктің Telegram арнасындағы мәліметіне сүйенсек, су ресурстары және ирригация министрі Министр Нұржан Нұржігітов Арал тұрғындарымен кездесіп, жобаның екінші кезеңін талқылады. Оның айтуынша, осы жетістіктер соңғы екі жылдағы жүйелі жұмыстың арқасы. 2024 жылы Арал теңізіне 2,6 млрд текше метр су жіберілді, оның 1 млрд текше метрі суару маусымында жіберілген рекордтық көлем болып саналады. Салыстырып көретін болсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 816 млн текше метрді ғана құрады.
Министр бұдан былай да көршілес елдермен ынтымақтастықты жалғастыра отырып, су ресурстарын тиімді пайдалануға баса назар аударатынын атап өтті. Аралды қалпына келтіру жобасы экологияны жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.
Зере ДАСТАН,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.