Жаңалықтар

Жылқы туралы жұмбақтар: балаларға және ересектерге арналған жұмбақтар

Жылқы туралы қызық әрі ерекше жұмбақтарды назарларыңызға ұсынамыз.

Қамыс құлақ,

Тостаған тұяқ.

Сүті дəрі,

Еті тамақ.

Өріс толған,

Шоқ-шоқ орман.

Жауабы: жылқы.

***

Адамдарға қажетсің,
Құйғытқанға не жетсін?!
Жарыс бізге ұнайды,
Бәйге сізді сынайды.

Жауабы: жылқы.

***

Қамыс құлақ,
Тостаған тұяқ
Мінсең – қанат
Сүті – дәрі,
Еті – тамақ.

Жауабы: жылқы.

***

Алты аяқты,
Екі қарынды,
Екі басты,
Екі қолды,
Төрт көз, төрт құлақты,
Екі мойын, бір құйрықты.

Жауабы: ат мінген адам.

***

Түбірлі төртеу,
Түймемен бесеу,
Ерубай екеу,
Мамық жалғыз.

Жауабы: жылқы.

***

Екеуі елеңдеп келеді,
Төртеуі төбелесіп келеді.

Жауабы: аттың екі құлағы мен төрт аяғы.

***

Ана таумен мына тау соғысып келеді.

Жауабы: аттың төрт тұяғы.

***

Кішкене ғана тостаған,
Көтеріп қана тастаған.

Жауабы: аттың тұяғы.

***

Тасқа тисе кетілмейді,
Суға тисе ерімейді.

Жауабы: аттың тұяғы.

***

Алыстан қарасам бір қара,
Қасына келсем мың қара.

Жауабы: жылқының құйрығы.