Төрт түлік туралы жұмбақтар: балаларға және ересектерге арналған жұмбақтар
Төрт түлік туралы ерекше әрі қызық жұмбақтарды назарларыңызға ұсынамыз.
Бір байдың енші алыпты бір баласы,
Алғаны алпыс тоғыз ірі қарасы.
Төрт жерден түлікке желі қағып,
Үш жерден орнатылған мұнарасы.
/Түйе, алпыс тоғыз-күйісі, төрт желі-аяқтары, үш мұнара екі өркеші, басы/.
***
Болғанда қоян ерін, шыққан құлақ,
Тұлыбы шоқайғандай жатыр сұлап.
Жүруге қызметкер дайындалса,
Жалшыдай күні біткен кетер жылап.
/Түйе/.
***
Таптым-таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға.
/Түйе/.
***
Маң-маң басып келеді,
Тапырақтап желеді.
Мойны ұзын, үсті тау,
Ертеден елге бел еді.
/Түйе/.
***
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
``Шөк!``- дегенде, ``бық!`` -деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Бұл не деген жануар?
/Түйе/.
***
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен,
Бұл не,өзің тауып ал?
/Түйе/.
***
Даусы қоңыр, үні мұң,
Тесіп қойған мұрынын.
/Түйе/.
***
Үш тың-тың,
Екі жылтың,
Төрт тап-тап,
Қап-қара сатпақ,
Бір былғаныш.
/Түйе/.
***
Қоян жақты, тақыр жонды,
Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.
Салпы ерін, өзі жүйрік,
Кең омырау, жуан құйрық.
/Ат/.
Төрт түп тұт мәуітімен кесіледі,
Үстіне мінген адам есіреді.
Құрдасым, тапқын мұны ойлы көзбен,
Ойласаң тереңірек шешіледі.
/Ат/.
***
Екеуі елеңдеп келеді,
Төртеуі төбелесіп келеді.
/Аттың екі құлағы мен төрт аяғы/.
***
Ана таумен мына тау соғысып келеді.
/Аттың төрт тұяғы/.