Әдебиет

"Алпамыс батыр" жыры: нұсқалары мен зерттелуі

"Алпамыс батыр" жырының нұсқалары мен зерттелуі туралы ғылыми мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

«Алпамыс батыр» – қазақ халқының классикалық үлгідегі ең танымал батырлық эпостарының бірі. Туындының сюжетінде бағзы замандар дүниетанымы, наным-сенімдері бертіндегі эпостық дəстүрмен жымдаса өріліп, тамаша үйлесім тапқан. Сондықтан онда көне түркі сарындары мен жоңғар шапқыншылығы кезеңінің де тарихи табы араласа қылаң береді. Туынды абыз жыршылардың ауызша айтуымен сандаған ұрпақтың жадында жатталып келіп, тек 1899 жылы алғаш рет Қазан қаласында тасқа басылып шықты. Кейін оның өзге де нұсқалары хатқа түсіріліп, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басында сан мəрте қайта жарияланды. Қазақстанның сирек қолжазбалары қорында жырдың Ə.Диваев, Н.Байғанин, А.Нысанов, С.Жаңбыршин, Ə.Оспанов, Е.Ақынбеков, С.Аққожаев, Ə.Байтұрсынұлы, К.Серғазыұлы т.б. жеткізген 15 нұсқасы сақталған.

Жырдың тарихи мəн-мазмұны, типологиялық сипаттары, нұсқалық ерекшеліктері, көркемдік табиғаты туралы В.М. Жирмунский, М. Əуезов, Ə. Марғұлан, Ə. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Р. Бердібай, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев сынды ғалымдар арнайы зерттеулер жазды [1, 121].

Алпамыс батыр жыры - қазақ халқының батырлар жырының ішіндегі ең көнесі. Батырлар жыры – қазақ ауыз əдебиетінің өте ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі. Батырлар жыры бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігіне, 4305 тарихына, қоғамдық өміріне байланысты туып, солармен бірге жасасқан. Сондықтан да батырлар жыры өзінің қалыптасып, даму процесінде көптеген өзгерістерге ұшыраған.

XIX ғасырда батырлар жыры жазыла бастады. Бұл кезеңде көптеген ғалымдар қазақ эпостарын зерттеп, қағаз бетіне түсіре бастаған. Мысалы, Ш. Уəлихановтың, В. Радловтың, Н. Ильминскийдің, Г. Потанинннің, А. Васильевтің, Ə. Диваевтыңт.б. ғалымдардың жинап бастырған еңбектерін ерекше атауға болады. Жыр дəл қазіргідей классикалық бүтіндікке ғасырлар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кəсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дəлелдейді. Батырлардың туып-өскен, өмір кешкен елі - Жиделі-Байсын тайпасының нақты аты – қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-əрекетінің молдығы, сан дəуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкіл қазақтық көлемге көтереді.

«Алпамыс батыр» жыры баспа жүзін алғаш рет 1899 жылы («Қисса-и-Алпамыш», Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған – атақты фольклоршы Ə. Диваев болды. Ол бұл жырдың бір нұсқасын Ж. Бермұхамедовтен, тағы бірер нұсқасын Е. Ақылбековтың қолжазбасынан алған [2, 297].

В. Жирмунский мен Х. Зaрифов aвторлығымен шыққaн «Узбекский нaродный героический эпос» aтты моногрaфиядa «Aлпaмыс бaтыр» жырының туғaн дəуірі, жaнрлық ерекшеліктері турaлы қызықты пікірлер қозғaлғaн. Aвторлaр «Aлпaмыс бaтыр» жырының қaрaқaлпaқ, өзбек, қaзaқ нұсқaлaрынa шолу жaсaйды. Сонымен бірге, дəуір шындығының көркемдік дaму шындығынa сəйкес өзгеріске түскенін ескертеді. Жыр шумақтарын талдаған профессорлар былай дейді: «Өзінің шығу тегіне қарағанда, «Алпамыс» – қоңыраттардың рулық эпосы… Қоңыраттардың ру есебінде тарихқа белгілі бола бастауы моңғолдардың жаулап алуымен байланысты».

Аталған ғалымдардың пайымына сүйенсек, қоңыраттар қазақ жеріне Шыңғыс хан қосынымен бірге келіп, тарихқа еніпті. Оған дейін «Алпамыс батыр» жыры туралы дерек ғылыми ортада көрініс бермеген. Ғалымдардың бұл пікірі тарих пен жыр деректерін қабыстыра зерттеудің негізінде қағаз бетіне түскенін көріп отырмыз. Шыңғыс хан қосынымен бірге келген қоңыраттардың бұл аталарының мекені туралы сұрақ туындайтыны анық.

Шежіреші Лувсанданзанның жазуынша, Шыңғыс хан дүниеге келген дəуірде Қалқада көп малды Қоңырат деген ел отырған. Шыңғыс ханның қалқалық екені, яғни Қалқа қоңыраттары ішінде дүниеге келгені, қазақ қоңыраттары бүгінгі қоныстанған Ұлытау, Түркістан, Мырзашөл өңірлеріне Шыңғыс хан қосынымен бірге келгені – бұл тартпас тарихи деректер негізінде толық дəлелденген ақиқат. «Түбі байсындық, бүгіндері «қазақ қоңыраттары» атанғандар ата жұртын тастап, Қалқаға не үшін жəне қашан барған?» деген сауалдың жауабын жырдың өзінен табады екенбіз.

Жырдың қазақша, байсындық өзбекше нұсқаларында Байсын тауларын мекендеген қалың Қоңырат елінің екіге жарылғаны айтылады. Бөліну себебі екі жырда екі түрлі жырланған. Байсындық нұсқаға сүйенсек, тайпаның диқаншылықпен шұғылданбайтын көп малды көшпелі аталарына жайылымдық жердің тарлығы жаңа қоныс іздеуге себеп болған секілді. Мал түліктерінің өсіп-өнуіне қолайлы жерді Алтай тауларының бөктеріндегі Қалқа даласынан тапқан қоңыраттардың он мың үйлік отбасылары сол жаққа қоныс аударады. Тарихқа жүгінсек, Қалқа даласына бүгінгі қоңыраттардың ата-бабалары - құндардың қоныс аударуы ерте заманнан басталыпты. Тарихшы Л.Н. Гумилев Сыма Цянь мен Дегиньге сілтеме жасай отырып, «құндар Қалқа даласына біздің дəуірімізден 1200 жыл бұрын келген», – деп жорамалдайды. Тайпаның азулы мемлекетке айналуы дана Шəкəрім қоңыраттардың түп атасы деп тапқан Оғыз хан есімімен байланысты.

Азия тарихшылары Қытай дереккөздеріне шаньюй Мөде ретінде енген тұлғаны ұлы Оғыз хан деп қабылдапты. Ал біздің тарихшылар болса оны қытай тілінен қазақшаға Мөде хан деп тікелей транскрипциялайды. Бірақ, шығыстық дереккөздерде Мөде атты хан кезікпейді.

Бүгінгі қазақ елінің құрамындағы көптеген тайпаларды біріктірген Құн мемлекетінің тарихтағы орны - өз алдына бөлек əңгіменің тақырыбы. Тек осы орайдағы Л. Гумилев жасаған қорытындыны ғана тілге тиек етелік. Ол былай дейді: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы жəне Қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дəстүрдің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды. Демек, ұлы ғалым тарихтың ауқымды үш кезеңін біртұтас дүние ретінде қарастырады. Осы орайдағы Құн мемлекеті тарих бетінен кеткен 93 жыл мен 545 жылы Қытай елшісін қабылдап, дүниеге танылған Түрік қағанаты арасындағы 450 жыл үзіліс – тарихта толық қамтылмаған ақтаңдақ кезең. Бұл – Құн мемлекеті қырғынға ұшыраған кезде тірі қалған ханзада мен аз ғана жанның Алтай тауларындағы Ергене қонысына барып паналап, сонда ғасырлар бойы өсіп-өніп, кемелдену кезеңі. Қоныстың аты – Ергене атауында Қоңырат тайпасының босаға таңбасы бейнеленуіне назар аудара кеткен жөн. Ергене – киіз үй есігінің тұрқы, яғни босаға. Шежіреші Əбілғазы тайпаның сол аңғардан Қоңырат атымен шыққанын жазып қалдырған. Құрлас ханның қарамағындағы жұрт өздерін құраттармыз деп атауынан жəне оған түпкі атауы «құнды» қосарлауынан «Құнқұрат елі» есімдігі пайда болады. Түрік қағанатының негізін қалаған тайпа – осы [3].

Ал, М. Əуезов пен Л. Соболев «Эпос и фольклор кaзaхского нaродa» aтты мaқaлaсындa жырдың көркемдік өрнегіне ерекше ден қойғaн. Олaр Бaйшұбaрдың шaбысы бейнеленетін тұстaғы суреттерді ең нaқышты бейнелер деп біледі. Қaзaқ жырлaрындa тұрмыс-сaлт пен əдет-ғұрыптың шыншыл суреті aнaғұрлым мол ұшырaйтыны бұлaрдың aлғaшқылaры стaдия жaғынaн кейінірек, соңғылaры жaсырaқ болғaндықтaн деп есептейді.

«Aлпaмыс бaтыр» жырын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген ғaлымдaрдың бірі – Т. Сыдықов. Оның бaтырлaр жырынa aрнaлып əр кез де жaзылғaн мaқaлaлaры мен кітaптaры жaнр тaбиғaтын түсінуге септеседі. Осы еңбектердегі бірнеше мəселені сaнaп өтсек те, ғaлым нaзaрының қaзaқ эпосындaғы күрделі жaйлaрғa түскенін көреміз. Aтaп aйтқaндa, ол «Aлпaмыс бaтыр» жырының зерттелу жaйынa, обрaздaр жүйесіне, нұсқaлaрынa тоқтaлғaн.

Сонымен, біз жоғарыда «Алпамыс батыр» жырының қалыптасу тарихы, даму кезеңі туралы ғалымдардың пікірлерін келтірдік. Ал, осы ғалымдардың қайсысының пікірі шындыққа жанасымды екендігін біз дəл айта алмаймыз. Себебі əр ғалым өзінің ғылыми дəлелдерін келтіре отырып, өз пікірін тұжырымдаѓан. Десек те, біз бұл жырдың бас кейіпкерлері өмірде болған ба, болса олар қай ғасырларда өмір сүргендігіне байланысты жырдың шамамен қашан қалыптасқандығын анықтауымызға болады.

Тарих беттерінен үңілетін болсақ, Алпамыс деген батыр тарихта болған адам екендігін байқаймыз. Ол шамамен б.з.б. 110-50 жылдары өмір сүрген қолбасшы, батыр болған [4, 296]. Алпамыс батыр шүршіттермен соғыста ерекше ерлік көрсеткен қолбасы. Тайчу (Тайшық хан) ғұн мемлекетін біржола жою мақсатында көшпелілер еліне бірнеше дүркін əскер аттандырады. Осы əскерге қарсы бағытталып, бірнеше аптаға созылған жойқын шайқаста Алпамыс шүршіт əскерлерін ойсырата жеңеді. Кейіннен тағы бір жойқын соғыстардың бірінде Алпамыс батыр жау қолына түсуі жыр-дастанға айналып, біздің дəуірімізге жеткен.

Міне, бұл деректер Алпамыстың, Тайшық ханның өмірде болғанын, яғни жырдағы батыр образы өмірден алынғандығын дəлелдейді. Міне, сондықтан да біз «Алпамыс батыр» жырының қалыптасу кезеңін, яғни жырдың қашан пайда болып, халық арасына қашан тарай бастағандығын анықтағанымыз дұрыс. Осы уақытқа дейін көптеген ғалымдар жырдың тілін, көркемдік ерекшелігін, жырдың композициялық құрылысын т.б. зерттеген.

Ал, жырдың шығу кезеңі, қалыптасу тарихы туралы əлі де болса деректер аз. Сондықтан да осы «Алпамыс батыр» жырының қалыптасқанына қанша уақыт болғанын анықтап алғанымыз жөн. Ал, ол мүмкін шаруа ма? Көп жұрттың фольклорында таралған көп нұсқалы жырдың жасын білу мүмкін бе? Əрине, бұл сұраққа жауап беру қиын. Алайда, жырдағы атауларға, топонимдерге қарап жырдың жасын анықтауға болады.

«Алпамыс батыр» жырының мифтік жəне эпостық бейнесінің бірнеше жасы бар. Ең бірінші, тек есімдерге негізделетін жас анықтауда Алпамыстың заманы ең бері дегенде тас ғасырының соңы мен қола дəуірінің бастапқы уақыттарына кетер еді. «Алпамыс» есімі түркі халықтарында əр түрлі аталса да, олардың барлығының да бастапқы формасы біреу, ол - Манас. Бұл - мифологиялық адам жаратылу тарихындағы бірінші адамның есімі. Топан судан кейінгі адамзаттың атасы болған Манас туралы үндіарийлік миф сақталған. Алпамыстың сүйген жарының есімі - Гүлбаршын. Оның бұл есімінің кейінгі ғасырларда қалыптасқандығы көрініп тұр. Ал, «Қорқыт ата» кітабында Банушешекті Гүлбаршын деп алсақ, оның бастапқы есімі Ману (Бану) болуы мүмкін.

Сонымен, Манас (Алпамыс) пен Манудың (Гүлбаршын) есімдері бір көне түбірден өрбігені көрініп тұр, екеуінің есімі де мифтік алғашқы адамдардың еркектік жəне əйелдік нұсқалары болып табылады. Манас пен Ману - топан судан кейінгі алғашқы адамдар қосағы. Топан су туралы мифтің үндіарийлік нұсқасының б.з.б. ІІ-ші мыңжылдықта қазақ жерінде арийлік жəне ең алдымен жергілікті прототүркілік жұрт түсініктері негізінде қалыптасқанын ескерсек, есімізге бірден Шымкент маңындағы қасиетті Қазығұрт тауы еске түседі. Осы аймақ жұрттары арасында топан су туралы миф қалыптасқан, ал үндіарийліктер тек оны қазақ даласына келгесін игеріп, кейіннен Ману туралы өз түсініктеріне негізделген жаңа миф жасап алған.

Əмірхан Балқыбектің «Қазығұрт, топан су жəне жебірей «Інжілі» деген мақаласында (Жас Алаш, 2000, 17 тамыз) да Қазығұрт пен үнді мифінің сабақтастығы туралы айтылған. Автор киелі таудың көне атауларына қатысты кейбір құнды тұжырымдар жасаған, солардың бірі - Қазығұрттың бір кездері «Манкур» деп (Бируни жазбаларында, X-XI ғғ.) аталғандығы. «Манкур» сөзінің төркіні «Ман тауы» (кур - шумер-прототүркі тіліндегі «тау» дегенді білдіреді).

Ə.Балқыбек сонымен қатар Қазығұрт іргесіндегі Мансары тауы мен Мансары əулиенің бар екендігін де айтады. Міне, осындай «ман»-дар қатарында қазақ жеріндегі «топан суды көрген тау» Манкур деп аталатын болса, оның Ману мен Манасқа тікелей қатысты екендігін аңғару қиын емес. Бұдан шығатын түйін: Манастың (Алпамыс) мифтік тұлғасының қалыптасқан нүктесі - Қазығұрт тауы, ал қалыптасу уақыты - ең бері дегенде б.з.б. 3 мыңжылдық болып шығады. Олай болса, Алпамысқа - 4000-5000 жыл деп айтуымызға болар еді, бірақ түркі халықтары «Манас» туралы, топан су туралы, алғашқы адамдар туралы мифті сақтай алмаған, сондықтан алдыңғы көрсетілген уақыт мөлшерін жырдың жасы ретінде көрсете алмаймыз.

Қазақ жырының өзіне үңілсек, Алпамыстың елі - Жиделі - Байсын деп аталады. Ол - бүгінгі Өзбекстанның Сурхандария - Қашқадария аймағы. Алпамыс батырдың екінші жорығы «қалмақ елінде» өтеді. Мұнда ол тұтқынға түсіп, бірнеше жыл зынданда жатады. Алпамыс Кейқуат - ешкішінің, қалмақ ханының қызы Қаракөзайымның жəне мінген аты — Байшұбардың көмегімен зынданнан шығып, қалмақ еліне ойран салады, содан жаңа мемлекет орнатып, оның басшысы етіп кешегі ешкі баққан Кейқуатты қояды.

Ал, Кейқуат - «Авестадағы» Кави Кавадтың (Фердоусидің «Шахнамасындағы» Кай Кубадтың) бейнесі болуы мүмкін, дегенмен оның есімінен белгілі бір тарихи астар іздер болсақ, ойымызға бірден Сасанидтер дəуіріндегі Иран шахы Кай Кубад (488-531жж) есімі келеді. Бұл - Орта Азиядағы түркі тілді көшпелілер, яғни «ақ ғұндар» немесе «хиониттер» деп те аталған эфталиттердің заманы (Y-YI ғғ.) Сасанидтік парсылар мен эфталиттер арасында қақтығыстар жиі болып тұрған, бірақ басымдық соңғылардың жағында еді. Кай Кубад та эфталиттермен бірнеше рет соғысады, барлығында да жеңіліп қалады. 496 жылы Ирандағы сарай төңкерісі кезінде тақтан тайдырылып, түрмеге қамалған Кай Кубад қашып шығып, эфталиттерге барып, пана сұрайды. Рақымшылығы молырақ көшпелілер патшасы оған пана болып, қызын əйелдікке береді, əскер қосып, Ирандағы билігін қайтарып алуына көмектеседі. Міне, Алпамыстың ешкіші Кейқуатты қалмақ елін жеңгеннен кейін сол елге патша етуі сияқты жыр оқиғасы мен тарихта болған белгісіз эфталит патшасының Кай Кубадқа Ирандағы билікті қарудың күшімен алып бергендігі жөніндегі оқиға белгілі бір деңгейде ұқсас болып тұр.

Жырда кездесетін топонимдер жырдың жасын анықтауға мүмкіндік береді. Осы жолдардағы Қарахан таудың мифтік-поэтикалық бейнесі айқын, ол - Жерұйық сияқты киелі кеңістікті көрсетеді. «Қарахан» сөзінің төркіні «қанғ» - кеңістік, ел, территория» жəне «қара» - байырғы, түпкі ата-баба жұрты» - дегенді білдіреді. Оның нақты тарихи кейіптенуі - б.з.д. IY ғасырдан б.з. IY-Y ғасырларға дейін, тіпті эфталиттер дəуірінде де (Y-YI ғғ.) өз атын сақтап өмір сүрген Қаңғар (Кангюй, Кангха, Кангдиз) мемлекеті. Ал, Қаңғар жұртының IYYІ ғғ. Орта тұсы Отырар (Кангу-Тарбан), яғни Оңтүстік Қазақстан аймағы болған. Олай болса «Алпамыс» жырының эпикалық қалыптасу ортасы мен уақыты Y-YI ғғ. Қазығұрт - Отырар аймағы деп атап көрсетуге болады [5]. «Алпамыс батыр» жырының оқиғалық, құрылыстық жəне көркемдік ерекшеліктері бірнеше авторларды жаңа туындылар жасауға ұмтылдырған.

Қолдалынған əдебиеттер тізімі:

1. Дала фольклорының антологиясы. Он томдық. Батырлар жыры. - І-том. - Алматы: Brand Book, 2019. - 560 б.

2. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ə.Нысанбаев. - Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1998. - Т.1. - 719 б.

3. https://qazaqadebieti.kz/21720/alpamys-batyr-bajsyn-men-al-a-arasy

4. Қоңыратбаев Ə. Қазақ фольклорының тарихы . - Алматы: Санат, 1994. – 279 б.

5. Жас Алаш. – 2002. - № 2. - 19 ақпан.

Мақала авторы: Нарымбет Гүлнұр Бекмұратқызы